Дәстүрлі қазақ қоғамында билер кеңесі ең жоғарғы кеңесші орган саналған екен. Кеңеске ел басқарған хан-сұлтандар, сөз ұстаған билер мен даңқты батырлар қатысқан. Алқалы жиында елдің проблемасы талқыланып, ұлысқа іріткі салар ірі жанжалдар шешілген екен. Ағайын мен аталастың ғана мүддесін қорғамай, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген моральдық принципке сүйенген билер ел сеніміне ие болған.
Соңғы жылдары билер кеңесі туралы мәселе қайта көтеріліп, билер институтын жаңғыртуға әрекеттер жасалды. Осы орайда ақсақалдар жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ұйым құрды. Еліміздің жер-жерінде құрылған бұл ұйым «Қазақ билер алқасы» деп аталды.
2022 жылы Павлодар қаласында «Кереку билер алқасы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Соның негізінде екібастұздық бірлестік те өз жұмысын бастады. Екібастұз билер алқасының төрағасы Жұмажан Паруовтың айтуынша, қала әкімі өңірлік билер алқасы қоғамдық ұйымына былтыр қалалық «Өнер» мәдениет сарайынан кабинет бергізіпті.
– Екібастұз қаласындағы билер алқасының құрамында 11 адам бар. 2024 жылдан бастап жарғы негізінде жұмысымызды бастадық. Ішкі саясат, қалалық мешіт, білім бөлімімен, басқа да мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық жоспарлы шараларды атқарудамыз, – дейді билер кеңесінің жұмысы туралы Ж.Паруов. – Жұмысымыздың негізгі бағыты: салт-сананы жаңғыртып, елдікті нығайту, дін мен ділді, дәстүрді насихаттау. Біз билікті мақтамаймыз, даттамаймыз. Билік пен халықтың арасына алтын көпір болып, елдің тұтастығы мен ынтымағын жарастырсақ дейміз.
Билер алқасының мүшелері өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, қала мектептерінде кездесу сағаттарын өткізіп жүр. Онда негізінен мемлекеттік тіл саясаты мен әдет-ғұрып, отбасы құндылықтары насихатталады. Жыл басынан бері бес мектепте кездесу жүзеге асырылып, қоғамдық шараларда жастармен басқосулар өткізілді.
Қазақ «жаман болады», «обал болады», «ұят болады» деген сөздерді ұрпақ санасына сіңіріп, ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгі ниетке тәрбиелеген. Қазақы тәрбие үштағаны бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, қатыгездік етек алған кезеңде бала бойына осы бір ұғымдарды сіңіру заман талабына айналғандай. Алқа мүшелері де ұлттық педагогика танымына арқау болған осы сөздерді жастардың құлақтарына құя беруден жалықпайды.
– Қазақ сөз құдыретіне зор мән берген. «Қырықтың бірі – Қыдыр, жүздің бірі – уәли» деп, бата-тілектің қабыл болатынына сенеміз. Әйтсе де, бүгінде жиын-тойда бата беретін ақсақал азайды. Тост айтып кетеді көбі. Сондықтан халықтың алдына шыққанда бата берудің жолын да көрсетіп жүрміз, – дейді Жұмажан аға.
Бата беру демекші, Ж.Паруов Павлодар облысында өткен бата беру сайысына да қатысқан екен. Бата-тілектің үлгісін көрсеткен ол 17 адамның арасынан жүлделі орын алыпты.
Екібастұз қазақ билер алқасының іс-шаралар жоспарында өскелең ұрпақтың тәрбие ісіне араласумен қатар халықтың ұсыныс-тілектерін жеткізу, ауыл әкімдерімен байланыс орнату көзделген екен. «Осы орайда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» деген сұраққа алқа төрағасы Жұмажан Паруов былай дейді:
– Алдағы уақытта ауыл әкімдерімен байланысып, кездесу ұйымдастырмақпыз. Ақсақалдардың басын қосып, біріге жұмыс істеуді қолға алмақпыз. Бұдан басқа араағайындық міндеттерді атқаруға да араласып, елді ауызбірлікке, татулыққа үндеп келеміз. «Абайтану», «Мәшһүртану» орталықтарымен қатынас орнатып, қос ғұламаның ілімдерін жастардың арасында кеңінен насихаттаудамыз.
Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде Жұмажан ағаның «Екібастұзға театр керек!» деген мақаласы жарияланған болатын. Онда билер алқасының төрағасы 150 мыңға жуық халқы бар Екібастұздың руханиятын гүлдендіре түсетін театр ашылса деген халықтың тілегін жеткізген еді.
Жастармен жиі кездесетін билер алқасының төрағасы кейінгі буынның білімділігі мен іскерлігіне тәнті. Зияткерлік сайыстарда топ жарып, халықаралық білім жарыстарында бәйге салып жүрген екібастұздық оқушылар күні ертең қазақ елін дамытуға күш салатын болады.
Қазақ билеріне қойылатын талаптардың ішінде: «Қасымханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті жарғыны білуі; қазіргі Ата заңнан сауатты болуы; халықтың ата тарихын, салт-дәстүрін білуі керек» делінген. Ал әдеп ережелерде: «арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, насыбай атпайтын, құмар ойындарын ойнамайтын болуы; рушылдыққа, жершілдікке, жікшілдікке, сондай-ақ, талас-тартысқа (әсіресе діни) жол бермеуі керек» деп айқын көрсетіліпті. Ағайынға ағалық ақыл айтатын билердің мұндай тазалықты ең алдымен өздерінен талап етуі дұрыс-ақ.
Бүгінгі билер алқасының құрамында ақын да, педагог та, құқық қорғаушы да бар. Олар ұрпақ тәрбиелеуге, ана тілінің маңызын көтеруге, елдің ынтымағын сақтауға қызмет етпек.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ