Павлодар қаласында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» деп аталған тіл сайысы өтті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өткен сайыста қала намысын төртүйлік Алина Тахирова қорғады.
Алина Тахирова былтырдан бері Төртүй ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы қызметін атқарады. Ұлты молдаван, ал жұбайы өзбек азаматы. Алина – ата-енесін күтіп отырған өнегелі келін.
– Байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Тіл сайысының бірінші бөлімі «Жұлдызды сәт» деп аталды. Мен Мұқағали Мақатаевтың «Сәби – ана» өлеңін оқыдым. «Ой ұшқыны» кезеңінде белгілі тұлғалар тақырыбында білгенімізді ортаға салдық, – деді сайыс туралы Алина Тахирова.
Кейіпкеріміз «Сөздің көркі», «Шұқыр сұрақ – ұтқыр жауап» кезеңдерінде де жүйріктер қатарынан табылды. Байқау қорытындысында А.Тахирова ІІ орынға ие болды.
Гүлсана Медеубайтегі