Ресми деректерге сүйенсек, елімізде бүгінде медицина қызметкерлерінің тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Мәселен, өткен жылы республика бойынша 4 мың дәрігердің дефициты тіркелген. Бұл ахуалды жеңілдетуге өңірлік оқу орындары да іске кіріскен. Атап айтар болсақ, Екібастұз медициналық колледжі өңір көлемінде акушерлік іс пен фармация мамандықтарына деген сұранысты зерделеп, 2021 жылдан бері осы мамандықтарды оқытуды қайта қолына алған. Биыл 6 түлек акушер ісі дипломын, 11 түлек фармация мамандығы дипломын алып шықты.
– «Сұраныстан ұсыныс туады» дейді ғой. Қала емханаларындағы әйелдер кеңесі кабинеттеріне, сондай-ақ қалалық перзентханаға акушерлер қажеттілігі туындаған бойда, колледж осы мамандарды даярлауды қолға алды, – дейді колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Назира Джакупова.
Колледж өз тарихында фармация мамандарын даярлауға енді кіріссе, акушерлерді оқыту бұған дейін де болған. Нақтырақ айтсақ, 1978-1998 жылдары аралығында Екібастұз медициналық училищесі акушерлер даярлап, түлектері аудан көлеміндегі аурухана, емхана, ауылдық медициналық пункттерге жұмысқа орналасып, ел игілігіне еңбектенді. Жиырма жыл ішінде училище қабырғасынан 800-ге тарта акушер шыққан. Өкінішке қарай, тоқырау жылдары өзге салалар сияқты медицина да қиын кезеңдерді бастан кешірді. Міне, сол жылдары училищеде акушерлік ісі бөлімі жұмысын тоқтатқан екен.
Кадрлар тапшылығын шешуде жергілікті медициналық мекемелер де қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, Екібастұз қалалық ауруханасы перзентханаға қажет акушерлерді өз қаражатына оқытып жатқан көрінеді. Биыл оқуын тәмамдаған акушерлердің төртеуі аурухана тапсырысымен оқып, медициналық мекеме оларға шәкіртақы да төлеп келген.
– Қалалық ауруханамен акушерлер даярлау туралы келісімшарт жасалды. Сол құжат негізінде биыл үшінші курсты тағы үш студент тәмамдады. Ал жалпы, акушерлік мамандыққа бұлардан өзге 17 студент оқып жатыр, – дейді Назира Калдыханқызы.
Айта кетелік, Екібастұз медициналық колледжінде мамандар төрт негізгі бағыт бойынша даярланады: мейіргер ісі, емдеу ісі, фармация және акушерлік іс. Биылғы 45 түлек арасынан 79 түлек – мейіргер ісі, 49 – емдеу ісі мамандықтарын алып шыққан.
А.Қасымжан
