Жылдағы дәстүрмен «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Жоба аясында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар жазғы мезгілде жұмыспен қамтылып, қоғамға пайдалы іспен айналысуда. Игілікті бастамаға екібастұздық жастар зор қызығушылық танытып отыр.
Екібастұз қаласының жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Еркін Құсанның айтуынша, биылғы жылы қалада «Жасыл ел» жобасына 170 квота бөлінген. Оның 120-сы – облыстық, ал 50-і – қалалық бюджет есебінен қарастырылған.
– Шілде айында қалалық елу жас жұмысқа кіріссе, ауылдық округтер мен кенттерден де осыншама жас еңбекке араласты. Бұл жоба негізінен әлеуметтік нысандардың, қала көшелері мен халық көп жиналатын орындардың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Еркін Амангелдіұлы.
Маусымдық жұмыс 31 тамызға дейін жалғасады. Жастар экологиялық жасақ, ауыл жастарының жасағы және волонтерлік топ сынды 3 бағыт бойынша бөлініп жұмыс істейді. Волонтерлер негізінен тамыз айында еңбекке тартылады.
Жоба қатысушылары күн сайын таңғы 8:00-ден түскі 13:00-ге дейін, яғни тәулігіне 4 сағат еңбек етеді. Оларға арнайы қауіпсіздік нұсқаулықтары түсіндірілген, күн ыстығынан қорғайтын керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Қала жастарына жергілікті бюджеттен бөлінген 50 квота бойынша ай сайын 110 мың теңге жалақы төленеді. Оның 75 мың теңгесі негізгі еңбекақы, ал 35 мың теңге үстемақы ретінде беріледі. Ауыл жастары 2 сағаттық жұмысқа тартылып, 35 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.
Жобаның белсенді қатысушыларының бірі Зарина Абдрахманова алғаш рет «Жасыл ел» жобасына қатысып отырғанымен, ұжыммен жұмыс істеу оған бұрыннан таныс.
– Бұл жұмысқа әпкемнің кеңесімен келдім. Қатарластарыммен бірге еңбек ету, қоғамға пайда келтіру маған ұнайды. 50 студент екі топ болып жұмыс істеп жатырмыз. Ұлдар ағаш бұтақтарын кессе, қыздар қоқыс жинап, балалар алаңдарын сыпырады, – дейді ол.
Тағы бір қатысушы, студент Дильназ Серікова жобаның Instagram желісіндегі жарнамасын көріп, бірден қызығушылық танытқан.
– Табиғатты жақсы көргендіктен, осы жобаның бір бөлшегі болғым келді. Бос уақытымды тиімді өткізіп, қала тазалығына өз үлесімді қосуды ойладым. Әрбір азаматтың туған қаласына деген жанашырлығы болуы керек деп есептеймін, – дейді ол.
«Жасыл ел» жобасы жастардың еңбекке бейімделуіне, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға әрі жазғы демалысты тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек пен тәрбие құралына айналған бұл бастама жылдан жылға кеңейіп келеді.
Ділнәз Серікбай