Екібастұз қаласы әкімі Аян Бейсекиннің өңір халқымен дәстүрлі кездесуі Шідерті кентінде өтті. Сапар барысында қала басшысы алдымен ауылда жаңадан іске қосылған әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі – «Иртыш» наубайханасына барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Кәсіпкер Артем Таратонов жетекшілік ететін «Иртыш» наубайханасы ауыл тұрғындарын нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда мұнда тәулігіне 150 бөлке нан мен 150 дана тоқаш, жалпы алғанда, айына 4500 бөлке нан мен 4500 тоқаш пісіріледі екен. Наубайхананың өнімдері Шідерті кенті мен Шиқылдақ ауылы дүкендеріне жеткізіледі.
Конвекциялық пеш, қамыр илеу құрылғысы, ұн елегіш, тоңазытқыштар сияқты заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорында сегіз жұмыскер тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жеңілдетілген 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 9 миллион теңге көлемінде несие берілген. Алайда өндірістің әлеуетін толық пайдалану үшін кейбір техникалық мәселелер, соның ішінде коммуналдық инфрақұрылымға қатысты түйткілдер шешімін күтуде.
Наубайхананың жұмысымен танысқаннан кейін қала әкімі Шідерті кентіндегі «Юбилейный» мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесуге қатысты. Жиында әлеуметтік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланды. Кент тұрғындары соңғы уақытта жүзеге асып жатқан оң өзгерістер жайлы өз пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, көпшілік бұрын жөндеу көрмеген балабақша ғимаратының жаңартылғанына ризашылықтарын білідірді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, нысанға жасалған жөндеу жұмыстарының арқасында балалар үшін қолайлы әрі заманауи орта қалыптасып, бұл игі іс кент халқының көңілінен шыққан.
Кездесуде көтерілген басты мәселелердің бірі – алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы болды. Бұған дейін кентті Сәтбаев арнасы жылумен қамтамасыз ететін. Енді бұл міндетті қала әкімдігі өз мойнына алып, кентті жылумен қамтуды жаңа форматта жүзеге асырмақ. Жаңа тәсіл бойынша тұрғындарға сапалы әрі тұрақты жылу жеткізу көзделіп отыр.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымға қатысты бірқатар мәселені ортаға салды. Соның ішінде жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы көпшілікті алаңдататыны айтылды. Ауылда тротуар салынбағандықтан, балалар мен ересектер көлік жүретін жолмен жүріп-тұруға мәжбүр. Кент тұрғыны Ермак Исенғожин тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тротуар салуды сұрады.
Қала басшылығы бұл мәселенің маңызын атай келе, қазіргі таңда тиісті жобалық құжаттар әзірленіп жатқанын айтты. Алайда оның жүзеге асуы қаржы мүмкіндіктеріне байланысты болатынын жеткізіп, тұрғындардан аздаған шыдамдылық танытуды сұрады. Жергілікті билік бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқаратынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, жиында кентті жарықтандыру, электр қуатымен қамтамасыз ету және елді мекенді абаттандыру мәселелері де қозғалды. Әрбір көтерілген сұрақ тиісті сала мамандарының назарына алынып, нақты тапсырмалар жүктелді. Тұрғындардың көтерген мәселелері мен ұсыныстары ескерусіз қалмай, алдағы уақытта оларды шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетіні сөзсіз.
Ділнәз Серікбай