Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің тұрғындармен кездесулері жалғасуда. Кезекті кездесу Төртқұдық ауылында өтті. Халықпен пікірлесу барысында ауылдың инфрақұрылым жағдайы және жайылым мәселесі сөз болды.
Қала әкімінің айтуынша, соңғы жылдары шалғай ауылдардың жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Байет ауылдық округінде ауылішілік жолдар асфальтталған. Биыл Төртқұдық ауылына қоса, Қоянды ауылында да ауылішілік жолдар жөнделеді. Қала басшысы барлық елді мекендерді қамтуды жоспарлап отырғандарын, алайда бұл жұмыс уақыт пен қаржыны қажет ететінін айтты.
Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған негізгі мәселе – жайылымдық жердің тапшылығы. Екібастұз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Меруерт Қалиева тұрғындар сұрап отырған аумақ Шиқылдақ ауылының жері екенін, оның шаруа қожалығына берілгенін айтты. Жалпы, жер мәселесі былтыр да көтерілген және алдағы уақытта тиісті заң аясында қаралып, құзырлы органдармен бірлесе шешім қабылданатын болады.
Сапар барысында қала әкімі «Бозшакөл» тау-кен байыту комбинатының өңір дамуына қосып отырған үлесін де атап өтті. Аталған кәсіпорын ауылға жақын орналасқандықтан, әлеуметтік мәселелерді шешуге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Жиын барысында елді мекендегі инфрақұрылымның біртіндеп жақсарып келе жатқаны айтылды.
Ділназ Серікбай