Қазақ халқы үшін домбыра – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра. Бұл аспап елдің өткені мен болмысын, салт-дәстүрі мен дүниетанымын танытатын ұлттық құндылықтардың бірі. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтуде. Бұл мереке халықтың дәстүрлі музыкасына деген құрметті арттырып, ұлттық өнердің ұмытылмауына ықпал етіп келеді.
Биыл бұл мереке Екібастұз қаласында мазмұнды мәдени бағдарлама аясында аталып өтті. 6 шілде күні «Бәйтерек» саябағында өткен «Домбыра, жүрегіммен үндес едің…» атты мәдени кешке қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, ұлттық өнерге құрмет білдірді. Кеш аясында көрермендер халық күйлері мен дәстүрлі әндерді тыңдап, рухани ләззатқа бөленді.
Мерекелік кеш Санжар Серіктің орындауындағы халық әні «Кісі жары» туындысымен ашылды. Одан кейін сахнада «Атамұра» халықтық-фольклорлық ұлттық аспаптар ансамблі мен «Тұмар» аспапты-вокалдық тобы өнер көрсетті. Олар Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», О.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Құрманғазының «Адай» және «Сарыарқа» күйлерін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Қайрат Тоқан «Мұраттың төкпесі» күйін орындаса, Аружан Рашит «Ал құрбым» әнімен сахна көркін аша түсті. Ерасыл Сетерхан Жұмекен Нәжімеденовтің «Домбыра» шығармасын жеткізді. Айгүл Шакек «Ой толғау» термесін және «Анамның жаққан ошағы» әнін әсерлі орындап шықты. Ал заманауи бағытта ерекшеленген Сымбат Жәкешева прима-қобызда «In Da Club» композициясын ұлттық нақышпен үйлестіре орындап, тыңдармандарды таңғалдырды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – күй тартыс болды. Қос домбырашының өнер жарысы көрермен назарын өзіне аудартты.
Сахнаға көтерілген өнерпаздардың арасында Естай атындағы балалар музыка мектебінің шәкірті Диас Ерланұлы да бар. Ол – ұлттық аспапқа бала күнінен қызыққан жас домбырашы. Әкесінің домбыра тартқанын көріп өскен ол, уақыт өте өзі де осы өнерге бет бұрған. Қазір арнайы үйірмеге қатысып, 20-дан астам күйді меңгеріп үлгерген.
Диастың орындауында ізденіс байқалды. Күйдің сарыны арқылы көрерменмен үнсіз тілдескендей әсер қалдырды.
– Домбыра – көнеден жеткен мұра, болашақпен үндес өнер. Ол арқылы ішкі сезімімді, көңіл күйімді жеткізе аламын, – дейді жас күйші.
Кеш соңы «Күй шақыру» челленджімен жалғасты. Бұл бастамада өнерпаздар әлеуметтік желіде күй орындады. «Тұмар» аспапты-вокалдық тобының жетекшісі Гүлбаршын Сәбитованың айтуынша, екібастұздықтар челленжді Павлодар қаласынан қабылдап алып, эстафетаны Ақсу қаласына жолдаған. Осылайша ұлттық өнерге деген қызығушылық желі кеңістігінде жалғасып, жастар арасында қолдау тапты.
Ділназ Серікбай


