Елге сауын айтылып, «ас беріледі» деген хабар құлағына тисе, дүйім қазақ елең ете қалады емес пе. Ереймен жақтан осындай хабар жеткен соң, 5 шілде күні ертеңгілік Екібастұз қаласынан бір автобус адам жолға шыққан едік. Бірер сағаттан соң Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың атақонысы – Малтабар ауылы маңындағы тойлы ауылға көлік басы тірілгенде алдымыздан қол қусырып, төс қағысып шараны ұйымдастырушы азаматтар шығып, бәрімізді он екі қанатты ақбоз үйдің төріне жайғастырды.
Ата-бабадан мирас болып қалған қонақ күту рәсімінен жаңылмаған ерейментаулық жігіттер мен қыз-келіншектердің ықылас-пейіліне разы болып, дастарханнан дәм татып, қою шай ішіп маңдай жіпсіткен соң желпініп сыртқа беттедік. Көк шалғынға жартылай шеңбер тәрізді тігілген жиырмадан астам киіз үйден шығып далалық сахнаға қарай жылжып бара жатқан тойшыл қауымға қосыла кеттік. Күмбірлеген күй, әуелеген ән естілген сахнадағы ірі әріптермен бедерленген «Тау тұлғаларды тудырған Ерейментау» деген жазу көзімізге оттай басылып, жүрегімізді шым еткізді. Себебі жазудың үстіңгі жағынан үш тарихи тұлғаның: Қанжығалы Бөгенбай батыр, Саққұлақ би және Сәдуақас Ғылманидың бейнелері бізге қарап тұр еді.
Сәлден соң сахнаға имамдар көтеріліп, аруақтарға құран бағышталды. Осыдан кейін сөз тізгінін тойды ұйымдастырушылардың бірі – ақын Сайлау Байбосын ұстап, бұрынғының шешен-жырауларындай төгілте сөз сөйлеп, ара-арасында өлең шумақтарын оқып тыңдаған қауымды баурап алды.
– Кешегі күні жақсылардың ізі қалған Ереймен жерінде төбемізде аруақ айналып, бабалардың рухы қозғалған дүбірлі жиын өтіп жатыр. Ата-бабаның атын тербетіп ас өткізу, дұға бағыштау ежелден келе жатқан көне дәстүріміз. Той тақырыбы – «Қазақтың қамал, қорғаны» атанған Қанжығалы Бөгенбай батыр, оның шөбересі, дала данагөйі, «Арғынның ақсақалы», «Орта жүздің боз арғымағы» атанған, баталы сөз, бәтуәлі шешімнің иегері Саққұлақ би Бапанұлы, ғұлама дін қайраткері, ақын, аудармашы, философ, фольклоршы Садуақас халфе Ғылмани болғанымен, Ереймен жерінде жасап өткен барлық игі жақсыларымыздың аттарын ауызға алу – біздің парызымыз. Бүгінде есімдері ел жадынан өшіп бара жатқан, аласапыранды XVIII ғасырда ел мен жердің бостандығы үшін қаны мен терін бірдей төккен асыл рухты бабаларымыздың есімдерін тербеп, рухтарына тәу ету үшін осында бас біріктіріп отырмыз. Сол дүбірлі дәуірдің алапат ақыны, абыз жырауы Үмбетей Тілеуұлы, Абылай хан «Қайтпас қара қылышым» деп атаған Нияз Жантай батыр Төлекұлы, оның батыр ұлдары Мырзагелді мен Тоқаш, Күңбас баласы Үйсінбай батыр, Қабыл ұлдары Наймантай мен Арқандыр батырлар, «Мәмбеттің Бесқасқасы» атанған – Атан, Ақпан, Досай, Бура, Тайлақ батырлар, «атқан оғын Жайықтан әрі асырған» Құдайбердіұлы Малай батыр, Құдайбердіұлы Төлеке батыр, Киікбай Медетұлы Үрпек батыр, Анайұлы Қоскелді батыр т.б. қазақтың мақтанышы, бүгінгі жас ұрпақ үлгі-өнеге етер тұлғалары, – деген Сайлау Байбосын бұдан кейін сөз кезегін осы шараның басы-қасында жүрген бірқатар азаматқа берді.
Сөйтіп Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Ерланұлы, белгілі қоғам қайраткері, қаламгер, жасы 91-дегі абыз ақсақал Қасым Тәукенов, «Ереймен елі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Әпенов, қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабай Ерғали, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов тарихи тұлғалар жайлы сөз қозғап, оларды дәріптеу жолында атқарылған игі істерді тілге тиек етті. Осыдан төрт жыл бұрын әйгілі Шаңды жорығы ізімен экспедиция ұйымдастырылғаны, сонау 1916 жылы болған Ереймен көтерілісіне арналған іс-шара өткізілгені айтылды.
Жалпы, «Ереймен елі» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен 2023 жылы Бөгенбай батыр немересі Бапан биге Қоржынкөлде белгітас орнатылса, осы той өтерден бір күн бұрын Бөгенбай батырдың тұңғышы Тұранәлі бабамызға Бекболаттың ақ мешітінде белгітас қойылыпты.
Іс-шараның ашылу рәсімі аяқталып, енді концерттік бағдарламаға кезек тиген сәтте аспанды бұлт торлап, жаңбыр басталып кетті. Әйтсе де, селдетіп өткен жаңбыр тойдың шырқын бұза алмады. Әудем тұста тігілген шатыр ішінде ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, Еуразия университетінің профессоры, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы профессор Серік Негимов, белгілі ақын, прозашы, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің деканы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Нұржан Қуантайұлы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы Айтмұхаммет Тұрышев, осы оқу орнының ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, прозашы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, «Бөгенбай батыр» романының авторы Серік Елікбай сынды ғалымдар «Алатаудай Ақшадан асып туған Бөгенбай, Болмашыдай анадан болат туған Бөгенбай» батыр, дала ділмары Саққұлақ би, Қазақстан мұсылмандары Бас қазиы Сәдуақас халфе Ғылмани жайлы тебірене сөз сөйлеп, ел мен жердің тұтастығы үшін сіңірген еңбектеріне баға берді. Ғалымдар айтқан көп деректің ішінен оқымысты Серік Негимовтің тың дерегі жиналған қауымды елең еткізді. Көрнекті қоғам және дін қайраткері, ақын, аудармашы Сәкен халфе Ғылмани кезінде жиһангер Ақсақ Темір жайлы дастанды араб тілінен қазақ тіліне аударған екен. Сол аударманың қолжазбасы жұртқа көрсетілді.
Ғылыми-практикалық конференция аяқталған соң ғалымдар мәжілісін ұйымдастырған ақын-жазушы Сайлау Байбосын «Ереймен елі» қоғамдық бірлестігі атынан бірқатар адамға «Бөгенбай батыр», «Үмбетай жырау» медалін табыс етті.
Реті келіп тұрғанда айта кетелік, Ереймендегі асқа Екібастұз қалалық мәслихаты төрағасы Нияз Макраев бастап барған екібастұздықтар да тарту-таралғысын ала жеткен еді. Түскі ас үстінде тойды ұйымдастырушы азаматтардың бірі Абай Әлжанов, абыз ақсақал Қасым Тәукенов, ғалым Серік Негимов, жазушы Сайлау Байбосынның үстіне шапан кигізіліп, құрмет көрсетілді.
Әдетте қазақ ас бергенде палуандар күресіп, ат бәйгесі болатыны белгілі. 25 шақырымдық аламан бәйгеде Абай облысынан келген сәйгүлік оза шауып, бас жүлдеге тігілген автокөлікті иеленді. Айтпақшы, құнан жарыста Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылының атбегісі Баттал олжалы болды. Ол баптаған Ханшайым топ жарды.
Ас үстінде дүркін-дүркін жауып жұрттың мазасын қашырған жаңбырды айтпағанда, Ереймендегі жиын көрген қауымның көңілін өсірді. «Бес жылдан соң Бөгенбай батырдың 350 жылдық тойын мемлекеттік деңгейде атап өту керек» деген ұсыныс әркімнің жүрегіне жылы тиіп, ылайым солай болса екен деген тілеумен тарқасты.
Ж.Жәлелұлы

