Оның айтуынша, бұған дейін 33 көп қабатты үйге ыстық су беруге қол жеткізіліпті. Енді №16 және №12 жылу камералары аралығында жаңа құбырларды төсеу, өзге де керек-жарақты орнату қарқынды жүргізіліп жатыр. Қажетті материалдар жеткілікті. Жаңа құбырлар төселіп, жалғанған соң, гидравликалық сынақтан өткізіледі.
Бұдан кейін аймақ басшысы Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №2 жылу магистралінде болды. Мұнда да қыз-қыз қайнаған жұмыс. Мердігер ұйым – «Grappa-Stroy» ЖШС басшысының сөзіне қарағанда №12 және №19 жылу камералары аралығындағы құбырлар жаңаланады. Сонымен бірге, 5 жаңа жылу камерасы орнатылмақшы. Жоспарланған жұмысты шілденің соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Облыс әкімі Асайын Қуандықұлы авторлық және техникалық қадағалау ұйымдары өкілдеріне жұмыс сапасын әрдайым бақылауда ұстауды қадап тапсырып, мердігерге құбырлар төселіп болған соң асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстарына мейлінше көңіл бөлуді жүктеді.
Осы жолғы жұмыс сапарын аймақ басшысы Екібастұз жылу-электр орталығында түйіндеді. Биыл жаз бес қазандық күрделі жөндеуге қойылған екен. Бүгінгі таңда №8 және №11 қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Қалған қазандықтар белгіленген мерзімде іске қосылады деген сенім бар.
Жылу-электр орталығы кеңсесінде өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық пысықталды. Бұл жөнінде Екібастұз қаласы әкімі Аян Бейсекин ақпарат берді. Жоғарыда айтқанымыздай, жылу қазандықтарына қоса, магистральдық және желілік жылу құбырлары сапалы жөнделіп жатыр. Гидравликалық сынақтар кезінде анықталған ақаулар жөнге келтірілген. Көп қабатты үйлердің жылу қабылдауға әзірлігі де бақылауда тұр. Бұл жұмыс 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Осы орайда, аймақ басшысы «тәуекел» тобына жататын биік үйлердің дайындығын ерекше назарда ұстауды тапсырды.
Ж. Сәдуақас