Табиғат мінезінің жылдан жылға өзгеріп бара жатқандығына куә болып жүрміз. 23 маусым күні Екібастұз қаласы мен ауылдық аймағында болған алапат дауыл біраз ылаң салып кетті емес пе. Сол уақытта қала әкімінің шешімімен жергілікті масштабтағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, тиісті қызметтер дауылдың зардабын жююға дереу кіріскен-ді.
4 шілде күні Екібастұз қаласына облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен келіп, қала басшысы Аян Бейсекиннің бүлінген дүниенің қалайша қалпына келтірілгені жайлы есебін тыңдады.
Сойқан дауылда төбесіндегі жұмсақ шатыры зақымданған Кеншілер көшесіндегі №14 биік үйдің ауласында болған мәжіліске қала құраушы кәсіпорындар, төтенше жағдайлар басқармасы, коммуналдық кәсіпорындар мен мердігерлік ұйымдар басшылары да қатысты.
Қала әкімі Аян Уахитұлы дауыл кезінде зақымданған энергиямен жабдықтау нысандарының қазіргі уақытта үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын баяндады. Мәселен, «КЕГОК» АҚ-на қарайтын жоғары кернеулі транзиттік желілерді шұғыл жөндеу жұмыстарына жергілікті бригадаларға қоса көршілес облыстан шақырылған энергетиктер де көмектесіпті. Соның нәтижесінде тұтынушылар қысқа мерзімде электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, дүлей дауылда қаламыздың бірқатар шағын аудандарында жарық өшіп қалғаны белгілі. «Горэлектросеть» ЖШС мен «ПРЭК» АҚ жұмыскерлерінен құралған 6 бригада жұмыла қимылдап бірер сағат ішінде үйлерге жарық берілгенін қала басшысы ризашылықпен атап өтті.
Дауыл кезінде 66 көп қабатты үйдің төбесі зақымданған екен. Жалпы аумағы – 3188 шаршы метр. Қазіргі уақытта мұның бәрі жөнделіпті. Мәселен, Кеншілер көшесі, №14 биік үйдің шатырын «РДК строй» жеке кәсіпкерлігі қалпына келтірген екен. Мердігер ұйымның басшысы Руслан Горбачтың айтуынша, жеке кәсіпкерлік Абай көшесі, 33-үйдің, Әуезов көшесі, 24-үйдің де төбесінде жөндеу жұмыстарын атқарыпты. Облыс басшысы Асайын Қуандықұлы үй тұрғындарымен сөйлесіп, жұмыстың сапасына көңілдері толатынын білді.
Жалпы, дауылда қала ішінде 140 ағаш құлап, 1 аялдаманы жел ұшырып, 7 бағдаршам істен шыққан екен. Сонымен бірге, жарнамалық құрылғылар мен түрлі жол белгілері де зақымданған. Қалпына келтіру жұмыстарына 9 мердігерлік ұйымнан 130 адам мен 80 техника жұмылдырылып, дауыл зардабы толықтай жойылғаны айтылды.
Айтпақшы, қазіргі уақытта материалдық шығындарды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия қарауына 19 жеке тұлғадан, 2 заңды тұлғадан өтініш түсіпті. Осы орайда, аймақ басшысы өтініштерді 23 шілдеге дейін қабылдау қажеттігін айтып, бұл жөнінде қала тұрғындарына ақпарат беруді тапсырды.
– Табиғат тосын мінез танытпай тұрмайды. Оған әрдайым әзір болған жөн, – деп әңгімені түйіндеген аймақ басшысы Асайын Байханов дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын тиімді ұйымдастырған қала басшылығы мен тиісті қызметтердің іс-әрекетіне оң баға берді.
Ж. Сәдуақас