Биыл кемеңгер ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай XXVI «Абай оқулары» шығармашылық байқауы алғаш рет халықаралық деңгейде өтті. Зияткерлік сайысқа Монғолия, Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және Қазақстанның әр өңірінен 130 оқушы мен 50-ге жуық жетекші қатысты.
Абай оқуларының мақсаты – өскелең ұрпақ бойына қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, оқушылардың классикалық әдебиетке қызығушылығын арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы көркемдік, танымдық, рухани құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру болып табылады.
Байқау әдеттегідей бес номинацияда өткізілді: «Абайдың асыл мұрасы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Әнді сүйсең менше сүй», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі». Мектеп оқушылары Абай мұрасын қаншалықты терең меңгергенін көрсетіп, ақын шығармаларын жатқа оқыды, ән-күйлерін орындады.
Екібастұз қаласындағы №36 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Мақсат Хумарбек байқауға «Әнді сүйсең менше сүй» аталымында қатысқан болатын. Бұл номинацияда оқушы Абай, Шәкәрім, Ақылбай әндері мен күйлерін орындауы тиіс. Әр қатысушы кемінде үш шығарма дайындап келуі қажет екен.
«Жүзден жүйрік» шыққан Мақсат Хумарбектің өнерін қазылар жоғары бағалады. Байқау қорытындысында ол 1-орын алып, 50 000 теңгенің сертификаты және бағалы сыйлықпен марапатталды. Мақсатты дайындаған – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дулат Жүністайұлы Тыныбеков.
Гүлсана Медеубайтегі