Жедел басқару орталығы (ЖБО) – полиция басқармасындағы өте маңызды және қажетті бөлімше. Орталықтың негізгі міндеті сапалы камералар арқылы қаланың жағдайын бақылау, көшелерде, қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қорғауды жүзеге асыратын нарядтарды басқару, сонымен қатар, жасалған қылмыстарға шұғыл назар аудару болып табылады. Ол, сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Екібастұз қаласында 4 камерадан тұратын 18 тірекке орнатылған (жалпы саны 72) қоғамдық бақылау бейнекамералары және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін 5 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Мұндай бейнебақылау камералары Мәшһүр Жүсіп,
М.Әуезов, Кеншілер, С.Торайғыров, Б.Момышұлы көшелерінің бойында орналасқан. Барлық камералар Мәшһүр Жүсіп, 95 мекенжайындағы Екібастұз қаласы полиция басқармасындағы жедел басқару орталығында көрінеді.
Кезекші бөлімнің бастығы, полиция майоры Кенжебай Омаров журналистерге жедел басқару орталығының жұмысын таныстырды. Оның айтуынша, қала көлемінде орнатылған бейнекамералар тәулік бойы бақыланады. Жедел басқару орталығы қылмыстың ізін суытпай анықтау мақсатында полицияның жұмысын үйлестіреді. Осындай шұғыл жұмыстарды тәуліктік наряд құрамындағы 3 қызметкер, атап айтқанда: 1 аға инспектор, 1 бейнебақылау инспекторы, 1 бейнебақылау операторы жүзеге асырады.
Бейнебақылау камералары арқылы жол-көлік оқиғалары ғана емес, ұсақ құқық бұзушылықтар да анықталуда. Сапалы камералардан берілген бейнені бірнеше есе өлшеммен үлкейткенде, адамдардың түрі де, тіпті жейдесіндегі жазу да көрінеді екен. ЖБО жұмысын көріп, оның назарынан ұсақ бұзақылық та тыс қалмасына көзіміз жетті.
Бейнебақылау камералары күшейтілгелі қаламызда камералардың көмегімен 386 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Құқық бұзушыларды анықтауға бетті тану функциясының көп көмегі тигенін атап өткен жөн.
Жедел басқару орталығына балабақшалар мен мектептер де қосылады. Төлеген Айдарханұлы алдағы уақытта сауда үйлерімен қатар мейрамхана, дәмханалар да бақылауға алынатынын айтты.
Гүлсана Медеубайтегі