Журналистер күні қарсаңында полиция басқармасының бастығы Т.Құдайбергенов БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Құттықтау сөз сөйлеген басқарма бастығы құқық қорғаушылармен ынтымақтаса жұмыс істегені үшін журналистерге алғысын білдірді.
Осыдан соң «Отарқа», «Голос Экибастуза» газеттері мен қалалық телеарна қызметкерлеріне, басқарманың баспасөз қызметінің мамандарына гүл шоғы мен қалалық полиция басқармасының алғыс хатын табыстады. Бұл күні «Голос Экибастуза» газетінің редакторы Людмила Казанцева, қалалық телеарна операторы Ризабек Үт полиция департаментінің грамотасын алса, телеарна журналисі Динара Базарбекова алғыс хатқа ие болды.
– Полицияның жұмысы қоғам тарапынан ерекше қызығушылық тудырады. Күн сайын өңірде, елімізде, әлемде тәртіп сақшыларының қызметі, оқиғалар туралы мыңдаған мақалалар, сюжеттер, репортаждар жарияланады. Полиция мен журналист мамандығы тығыз байланысты әрі ұқсас. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа белсенді қатысқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамыз. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, сарқылмас шабыт, жаңа бірегей идеялар, отбасыларыңызға амандық тілейміз, – деді құттықтау сөзінде Төлеген Айдарханұлы.
Гүлсана Медеубайтегі