Қоғам қай кезеңде де өзінің әлсіз мүшесін назардан тыс қалдырмаған. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жасалған жағдай – өркениет өлшемінің бір нышаны. Бұл ретте Екібастұз қаласындағы «Өмір» оңалту-шығармашылық орталығы қамқорлық пен жанашырлықтың, кәсібилік пен кісіліктің тоғысқан мекені ретінде ерекше аталады.
2011 жылы жұмысын бастаған орталық бүгінгі таңда психо – неврологиялық патологиясы бар балалар мен ересектер арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. 2024 жылы орталықта 65 бала мен 80 ересек тұрақты түрде көмек алған. Ал 2025 жылдан бастап қызмет жаңа лицензия негізінде жалғасып, жобалық қуаттылығы 60 бала және 60 ересек адам болып белгіленді.
Орталықта көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау стандарттарына сәйкес тегін ұсынылады. Мұнда әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, логопедтер, тәрбиешілер, психотерапевт, дене шынықтыру мен еңбек нұсқаушылары, музыка және көркемөнер жетекшілері қызмет етеді.
Орталықтың директоры Светлана Качураның айтуынша, басты мақсат – сапалы көмек беріп, оларды қоғамға бейімдеу.
– Біздің орталыққа келген әрбір жан – бір әлем. Біз үшін оларды жай ғана қамқорлыққа алу жеткіліксіз. Әрбір баланың немесе ересек адамның бойындағы қабілетті көріп, соны дамытуға жағдай жасау – басты мақсатымыз. Адам өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінгенде ғана оның өмірге деген құлшынысы артады, – дейді мекеме басшысы.
Орталықта сенсорлық бөлмеден бастап еңбекке баулитын шеберханаларға дейінгі инфрақұрылым толық қамтылған. Арнайы жабдықталған «тұрмыстық пәтер» үлгісіндегі бөлме арқылы қызмет алушыларға ас дайындау, үй жинау, техника қолдану секілді күнделікті өмірлік машықтар үйретіледі. Бұл – оларды үйреншікті әрекеттен бөлек, дербес өмір сүруге дайындайтын маңызды қадам.
Сонымен қатар, тігін, ағаш өңдеу, бисермен жұмыс істеу, пирография (ағашты ыстық құралмен өрнектеу) шеберханалары жұмыс істейді. Бұл – еңбек ету дағдысы, адамның өзін қоғамға пайдалы сезінуіне ықпал ететін рухани терапия. Қызмет алушылардың жүзінен үнемі бір нұр, тыныш әрі сенімді көңіл-күй байқалады.
Балалардың дамуында қуыршақ театры, «Велодром» бағдарламасы, сенсорлық терапия, психологиялық жаттығулар маңызды рөл атқарады. Ал ересектер үшін бұл орталық – алғаш рет ұжымдық ортаға бейімделу, шығармашылыққа араласу, өзін көрсету алаңы.
Орталықта құрылған «Қоңырау» қазақ халық аспаптар оркестрі, «Екібастұз қанаты» вокал студиясы, «Алақай» театр үйірмесі ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін ашып, оны шыңдауға мүмкіндік беретін тұрақты алаңға айналған. Қызмет алушылар түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, орталықтың мерейін асырып жүр.
Бұдан бөлек, би үйірмелері, спорттық секциялар, фотостудия, көрме және концерт залдары бар. Ата-аналар үшін жұмыс істейтін «Қамқор ата-аналар клубы» – тәжірибе алмасатын, қолдау табатын және баласының қабілетін жаңаша қырынан танып, сенім артатын алаң. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Орталық, ана, мен – тату отбасы» байқауы ата-ана мен баланың арасындағы байланысты бекіте түсетін рухани көпір іспетті.
Спорт саласында да орталық елеулі жетістіктерге жетуде. Бейімделген дене шынықтыру бағдарламасы аясында қызмет алушылар мини-футбол, жеңіл атлетика, волейбол, дартс, шахмат сынды спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады. Физикалық белсенділікпен қатар, ерік-жігерді ұштауға, өмірге жаңа көзқараспен қарауға бастайтын мүмкіндік.
Орталық қызмет алушыларының қолынан шыққан бұйымдар түрлі көрме-жәрмеңкелерде көпшіліктің қызығушылығына ие болып келеді. Авторлық кәдесыйлар, қолөнер бұйымдары қала тұрғындары арасында кең танымалдыққа ие болса, республикалық деңгейдегі «Жан шуағы» жәрмеңкесінде де жоғары баға алған.
Бүгінде «Өмір» орталығы нақты нәтижелермен танылып отыр. Мұнда тәрбиеленген 9 қызмет алушы өз отбасын құрған, бүгінде олардың 9 баласы өсіп келеді. Үш адам арнаулы білім алып, еңбекке араласқан.
«Өмір» оңалту-шығармашылық орталығы – бағытынан жаңылғанға бағдар, қамыққанға қамқор, қоғамнан шет қалғанға сенім мен серік. Мұнда әрбір адам өзінің маңызын сезінеді. Әр күлімдеген жүз, әр жеткен жетістік – бұл ұжымның елеусіз емес, ерен еңбегінің көрінісі. «Өмір» – үмітті жалғайтын, мүмкіндікті көбейтетін, мейіріммен өмір сүретін мекен.
Ділназ Серікбай

