Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің халық алдындағы кезекті есеп беру кездесуі Солнечный кентінде өтті. Аян Уахитұлы алдымен №16 жалпы орта білім беру мектебінің ғимаратында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көрді.
Бүгінгі күнге дейін кіреберіс баспалдақтар мен пандустың керамикалық плиталары сыпырылып, бөлмеаралық металл және пластик қабырғалар, есіктер, жылу құбырлары, гүлзар бұзылып алыныпты. 650 шаршы метр қабырға сыланып, төбелер сырланған. Алдағы уақытта грильятодан аспалы төбе мен есіктер орнату, шамдар ілу, тағы басқа да жұмыстар жүзеге аспақ. Жалпы, гардероб пен кіреберісті ағымдағы жөндеуден өткізуге 15 841 728 теңгеге келісімшарт жасалыпты, мердігер – павлодарлық «Альянс Строй Стиль» ЖШС. Сонымен қатар, павлодарлық тағы бір фирма – «Endeavour ПВ» ЖШС 83 045, 609 мың теңгеге терезелерді ауыстырыпты.
Ағымдағы жөндеу жұмыстары мектеп асханасында да жүріп жатыр екен: астаналық «Самұрық» ЖК қабырға мен едендегі керамикалық плиталарды сыпырып, орнына жаңасын жапсырыпты. Сорғыш коллектор бұзылып, төбе сыланған. Жұмысшылар енді электрлі шкафтарды монтаждап, шамдар ілуге, есіктерді орнатуға кіріседі. Асхананы ағымдағы жөндеуге 2924429 теңге бөлінген.
Қала басшысы, сонымен қатар, кентте жаңадан ашылған «SUN-SITY-2024» АӨК наубайханасына бас сұқты. Онда күніне 150-200 нан пісіріледі. Өнім аптасына екі рет Ақкөл және Зеленая роща ауылдарына да тасымалданады. Иесі Әсемгүл Сағнаеваның айтуынша, наубайхана тәулігіне 400-500 бөлке нан пісіру қуатына ие. Нан бұл жерден 130 теңгеден босатылып, дүкендерде 140 теңгеден сатылуда. Наны дәмді наубайханада былтырдан бері шешілмей келе жатқан жайт – су мәселесі. Наубайханаға су тартудың екі жолы бар көрінеді, оның бірінің шығынын қалта көтермейді, ал екіншісін көңіл қалағанмен, қолда бар техника құдыққа қажетті тереңдікті қазуға қауқарсыз. Алдағы уақытта тиісті тұлғалар су тартудың қыр-сырын бірігіп ақылдасатын болды.
Кент тұрғындарымен «Мақпал» мәдениет үйінде өрбіген әңгіме негізінен тазалық, аулаларды абаттандыру, балалар алаңшаларының жай-күйі туралы болды. Ал Қонысбай Тасбаев Конституция көшесі, 3-үй ауласындағы жасыл желек тағдырына алаңдаулы. Бірнеше жыл бұрын мұнда жанашыр тұрғындар бірігіп жеміс ағаштарын егіп, оны суаруға жалпы желіден жауапты мекеменің рұқсатымен 1,5 текше метр су алып тұрыпты. Бір себептермен су тоқтатылып, жасыл өскін жыларман күйге түскен. Аян Уахитұлы өсімдік жанашырларына үй тұрғындарымен жиын өткізіп, тұрғындардың 2/3 бөлігі келісім берген жағдайда суға қайта жол жеткізуге болатынын айтты. Кент тұрғыны, Солнечный кенті аналар кеңесінің төрағасы Салтанат Құсайынова келесі жылы кенттің 40 жылдық мерейтойы болатынын тілге тиек етіп, қала билігінен атаулы датаға көңіл бөлуді сұрады. Салтанат Қажымұратқызы, әсіресе, Абай алаңы жөндеуге зәру екеніне тоқталды.
Солнечныйлықтарды мазалайтын тағы бір проблема – иесіз пәтерлердің көптігі. Олар кей пәтерлердің мемлекет меншігінде бола тұра бос тұрғанына наразы.
Жиыннан соң Аян Уахитұлы Конституция көшесі, 13-үй ауласындағы балалар алаңшасының жағдайымен танысып, алдағы жылдары бұл ауланы назарға алуға тырысатынын айтты.
Ж.ӘБДІКӘРІМ
