Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары Нұржан Бейсенбеков республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы мен жол қозғалысы ережелерінің сақталуы жайлы баяндады.
Спикердің айтуынша, сәуір айында басталған шара қазіргі уақытта өз мәресіне жеткен. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолда жүру мәдениетін қалыптастыру және ережені өрескел бұзудың жолын кесу.
Аталған іс-шараға патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен ішкі істер органдарының басқа да құрылымдары жұмылдырылған. Олар тек көшелерді патрульдеумен шектелмей, оқу орындары мен жастар орталықтарында кездесулер өткізіп, балалар мен жасөспірімдерге жолда жүру ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
– Әсіресе, мопед, скутер және электрсамокат мінетіндерге ерекше көңіл бөлінді. Жазғы демалыс қарсаңында жастарға жолда жүру тәртібін түсіндіру өте маңызды. Себебі жасөспірімдер ересектерге қарағанда көшеде көрген әрекеттерін тез қабылдайды. Бұл, әсіресе, велосипед пен самокат тізгіндеген балалардың тәртібінен анық байқалады, – деді Нұржан Бейсенбеков.
Жыл басынан бері жаяу жүргіншілер тарапынан 575 құқық бұзушылық тіркелген. Мұндай ереже бұзғандарға 2-ден 10 айлық есептік көрсеткішке дейін (1 АЕК – 3932 теңге) айыппұл қарастырылған.
– Электрсамокат айдайтындар арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – тротуарда шектен тыс жылдамдықпен жүру. Сондай-ақ, екі адам болып міну, жүк тасу немесе жаяу жүргінші өткелінен түспей өту де тыйым салынған әрекеттер қатарына жатады. Мұндай жағдайларда жолдағы қауіпсіздік деңгейі төмендейді. Сондықтан бұл ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті, – деп атап өтті полиция өкілі.
Автокөлік жүргізушілер арасында жиі тіркелетін құқық бұзушылықтар да сөз болды. Олардың қатарында қарсы бағытқа шығу – 34 жағдай, мас күйінде көлік жүргізу – 96 жағдай, ал ең көп таралғаны – жылдамдықты арттыру бойынша 1823 дерек тіркелген.
Брифинг соңында Нұржан Бейсенбеков қала бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігін күн сайын 44 полиция қызметкері, оның ішінде 12 автопатруль бақылайтынын атап өтті.
– «Қауіпсіз жол» акциясының басты мақсаты – қоғамда жол ережелеріне деген жауапкершілікті арттыру және құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастыру. Егер сіз заң бұзушылықты байқасаңыз, дер кезінде полицияға хабарлаудан тартынбаңыз. Бәлкім, бұл біреудің өмірін сақтап қалуға себеп болар, – деп түйіндеді ол.
Ділназ Серікбай