Өткен аптада әкімдікте қала басшысы Аян Бейсекиннің қатысуымен жиын өтіп, көппәтерлі тұрғын үйлерді алдағы жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындау жайы қаралды.
Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Е. Ақылтаевтың баяндауынша, 27 маусымдағы жағдай бойынша көппәтерлі 405 тұрғын үйде (қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы саны – 705) алдын ала қабылдау-тапсыру іс-шаралары орындалыпты. Тарқата айтсақ, 669 жылу торабы (барлығы – 1052 торап) сығымдаудан, 670 ішкі жүйе (жоспарда – 1088) сынақтан өткен. 169 (303-тен) су жылытқыш тазаланып, сыналған және 767 (1088-ден) ішкі жүйе жуылған.
Өткен жылдармен салыстырсақ, дайындық жұмыстарында ілгерілеу бар: былтырғы жылдың осы кезеңінде көппәтерлі 328 үй қабылдау-тапсыру іс-шараларын аяқтап үлгерген болатын.
Бүгінгі таңда жылумен жабдықтау параметрлерін реттеу жұмыстары жүргізіліп, жылу тораптарында дроссельдік құрылғыларды орнату басталыпты. Барлығы 870 дроссельдік құрылғы орнатылса, соның 401-і биылғы жылға тиесілі.
Кондоминиум нысандарын басқару органдары көппәтерлі 150 тұрғын үйдің техникалық дайындық актісін алуға өтінім берген көрінеді.
Алдағы жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін көпқабатты 74 үйде жылыту жүйелерін жөндеу, 14 үйде сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу, 12 үйде кәріз жөндеу, 3 үйде су жылытқыш орнату (Кеншілер к-сі, 13, Ломоносов к-сі, 11, 11 «А») жұмыстары жүргізілмек.
Ал ешбір ПИК-ке қарамайтын, яғни, басқару органынсыз қалған 169 көпқабатты үйде жылу беру маусымына дайындық жүргізу
үшін бөлімнің жауапты мамандары бекітілген. Бұл үйлердің 70 шақтысы жылыту маусымына қажетті жұмыстарға жұмсалатын нысаналы алымдар жайын шешкенге ұқсайды.
Жиында Аян Уахитұлы әр ПИК басшысымен жеке-жеке сөйлесті. Жылыту маусымына дайындық жұмысын сақадай сай атқарып отырған ПИК-тер де, жайбарақат жүргендер де бар екен. Мәселен, «Егемен-Сервис» ПИК-іне қарасты 17 үйдің алтауы ғана дайындық актісін алыпты. Басшысының айтуынша, бұлай болуына слесарь мамандар тапшылығы себеп болған. Қазірдің өзінде мұнда бар-жоғы екі слесарь жұмыс істеп жатқан көрінеді. «Комфорт-сервис» ПИК-і өкілі Мәшһүр Жүсіп көшесі, 84-үйдегі су құбыры тозып тұрғанын айтып еді, «Горводоканал» МКК директоры Л.Бекбергенова құбыр таяуда ауыстырылатынына сендірді.
Аян Уахитұлының «Қандай проблемаларыңыз бар?» – деген сұрағына ПИК басшыларының айтар базынасы аз емес екен. Бірі тозған жылуалмастырғыштарға шағымданса, енді бірі жертөлелердегі манометрлерді сатып алу және тексеру шығынының ауырлығын айтты.
Ал көппәтерлі тұрғын үйлерді алдағы жылыту маусымына дайындау мәселесі биліктің тұрақты бақылауында.
Ж.ӘБДІКӘРІМ