Қалалық коммуниукациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік төлемдер мен салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары жөнінде айтылды. Салық міндеттемелері орындалмаған жағдайда Салық кодексінің 116-бабына сәйкес шаралар қолданылады. Мемлекеттік кірістер басқармасының салық берешегін өндіріп алу және банкроттық бөлімінің басшысы Нұржан Канашов аталған заңнама негізінде мәжбүрлі өндіріп алу тәсілдері мен шаралары жүзеге асырылатынын ескертті.
Басқарма маманының айтуынша, ең алдымен салық төлеушілерге берешегін өтеу жөнінде хабарлама жіберіледі. Хабарлама – салық төлеушіге салықтар мен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу қажеттілігі туралы салық органдарының заңды құжаты. Хабарлама салық төлеушінің кабинеті, пошта қызметі арқылы немесе қолма-қол алынған сәттен бастап тапсырылды деп есептеледі.
– Салықты уақытылы төлемеген заңды тұлғалар тәуекел деңгейі төмен, орташа, жоғары деп үшке бөлінеді. Өндіру тәсілдері осы тәуекел деңгейіне қарай қолданылады, – деп түсіндірді бөлім басшысы. – Әдетте тәуекел деңгейі төмен тұлғаларға еш шара қолданылмайды, олар ескерту хабарламасынан соң-ақ төлейді.
Тәуекел деңгейі жоғары тұлғаларға – 1 жұмыс күнінен соң, орташа деңгейге 10 жұмыс күнінен соң шектеулер қолданылады. Ең алдымен салық төлеушінің шығыс шоттары мен кассалық операциялар тоқтатылады, кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі. Бұдан әрі мүлікке шектеу қойылады. Шектеу қойылған мүлікті салық төлеуші сата алмайды.
Салық төлеуші тарапынан еш әрекет болмаса, оның салық қарызы банктік шоттардағы ақша есебінен алынады. Банктік шоттағы қаражат жетпеген жағдайда дебиторлық шоттардан өндірілуі мүмкін. Бұдан әрі шектелген мүлікті сату процесі жүзеге асырылады.
«Тәуекел деңгейін кім анықтайды?» деген сұраққа Н.Канашов былай деп жауап берді:
– Мемлекеттік кірістер комитеті жүйесінде салық міндеттемелерін орындау процесіне мониторинг жүргізіледі. Соның нәтижесінде салықты уақытында төлемегендердің тәуекел деңгейлері автоматты түрде шығарылады.
Екібастұз өңірінде жыл басынан бері мемлекет пайдасына 2 840 350 мың теңге салық мәжбүрлі түрде өндіріліпті. Берешегін төлемегендер қатарында 701 салық төлеуші бар екен.
Заңды тұлғалар арасында өздерінің салықтарын ғана емес, кәсіпорында еңбек ететіндердің зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру секілді міндетті жарналарды төлемей отырған мемлекеттік мекемелер де бар.
Қазіргі таңда жалпы 2 098 салық төлеуші (заңды тұлға) зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарнасын жаба алмай отыр екен. 2 кәсіпорын жұмыскерлеріне зейнетақы жарнасын былтырдан бері түсірмей отырған көрінеді.
Басқарма маманы мұндайда жұмыс берушілер әкімшілік кодекс баптарына сәйкес айыппұл төлейтінін айтты. Айыппұлмен қатар өсімпұл да есептеледі.
Қазіргі кезде зейнетақы жарнасы уақытылы түспесе, несие алуда бірқатар қиындықтар туындайды. Медициналық сақтандыру жарнасы түспесе, емхана мен ауруханаға жол жабық. Осы орайда бөлім басшысы жеке тұлғаларға мынадай кеңес берді:
– Жеке тұлғаның міндетті жарналары түспесе, салық органдарына келуге, не болмаса «Е-өтініш» сервисі арқылы онлайн шағымдануына болады. Ал еңбекақыңызды кешіктірсе, еңбек инспекциясына барыңыз.
Ескерте кететін жай, бюджетке төленетін салықтар мен міндетті төлемдерден жалтарған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Гүлсана Медеубай