Павлодар қаласында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Павлодар облысы әкімдігінің ресми қолдауымен «Pro Сүт’ 25» IV халықаралық сүт бизнесі форумы және «QazaqSut» көрмесі өтті. Форумға АҚШ, Италия, Түркия, Германия, Франция, Ресей, Беларусь секілді елдерден инвесторлар мен фермерлер, сарапшылар, жабдық жеткізушілер қатысты.
Шараға қатысқан сала мамандары бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа технологиялармен танысты. Көрмеге жиналған халыққа заманауи техникалар ғана емес, асыл тұқымды сиырлар мен инновациялық өнімдер де көрсетілді.
Форумның Павлодарда өткізілуі де кездейсоқтық емес. Өңірде сүт өндіру саласы мен инфрақұрылым қарқын алып, Орталық Азияда сүт секторын тұрақты дамытуға үлес қосып отыр. Жыл соңына дейін Павлодарда 6 жаңа сүт кешені іске қосылмақ, соның ішінде Қазақстандағы екінші роботтандырылған ферма да бар. Қазіргі таңда облысымызда 17 ферма жұмыс істеп тұр. Олар жыл басынан бері 96 мың тонна сүт өндірді.
Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов сүт өндірісіне инвестиция тарту туралы айта келіп, елімізде 600 мың тонна сүтті өңдейтін 109 фермаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Форум аясында суармалы егіншілікке арналған бөлек бөлім ұйымдастырылып, Павлодар облысындағы кәсіпорындарда ылғал үнемдеу технологияларын қолданудың практикалық үлгілері көрсетілді. Екі күндік шараға қатысушылар сүт фермалары мен заманауи сүт өңдеу кәсіпорнын таныстырған агротехнологиялық турға шақырылды.
Екібастұз қаласынан аталған форумға Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Жанат Ибраев, ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежанов қатысқан болатын.
– Бұл бір ауқымды әрі маңызды шара болды. Екібастұз өңірінде бүгінгі күні сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорын жоқ. Осы кәсіпті қолға алам деушілер болса, әлбетте, мемлекет қолдау көрсетеді, – дейді форум жайлы баян еткен Азамат Көпежанов.
Бөлім басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежанов, сонымен қатар, кәсіпкерлер сүт өңдеуге, өнімдер жасауға қажетті технологияларды, асыл тұқымды сиырларды шет елден сатып алатынын айтты. Бұл орайда сиырларға жайлы қоражай салып, сүтті молайтатын жем-шөп алу да көп қаражатты керек етеді. Есесіне мемлекет тарапынан сүт өндіруге бағытталған субсидия ет өндірісіне қарағанда анағұрлым жоғары. Сондай-ақ, субсидия сүт өндірісін ұлғайтуға, өнім сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға да беріледі.
– Форум тәжірибе алмасуға және проблемаларды талқылауға тиімді алаң болды. Бұл шаруалар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашары сөзсіз. Озық технологияларды тарту өңірдің агроөнеркәсіптік секторының тиімділігін арттырады. Жалпы сүт шаруашылығын ашу үшін қомақты қаржы қажет. Сиырларды жылы жерде бағып, арнайы жем-шөппен қоректендіреді. Олар үнемі ветеринардың бақылауында болуы тиіс. Жем-шөп қорын молайтуға суармалы егістік алқабын ұстау керек. Сүтті суытатын құрылғы, сапасын анықтайтын лаборатория салу қажет болады. Форумнан көрген-түйгенімізді ел арасына, кәсіпкерлерге жеткізетін боламыз, – дейді қалалық мәслихат депутаты Жанат Ибраев.
Өңіріміздегі ортаңқол шаруалардың сүт шаруашылығын дамытуға әзірге қолдары жетпей жатқан себебі де осы қаржы мәселесіне тірелсе керек.
Сүт өндірушілерді мемлекеттік қолдау жылдан жылға артып келеді. Соған орай – өнімнің көлемі де артқан. Дейтұрғанмен импортқа тәуелділік әлі де 25 пайыз шегінде қалып тұр.
Гүлсана Медеубайтегі