2021 жылдан бастап елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Бұған дейін әкімдерді мәслихат депутаттары сайлайтын болса, енді бұл жауапты лауазымды ауыл тұрғындары өздері таңдайды.
Биыл сол жылы сайланған өңіріміздегі бірқатар ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталып, 29 маусымда Теміржол, Бәйет, Ақкөл, Сарықамыс ауылдық округтері мен Шиқылдақ ауылында кезекті әкім сайлауы өтті.
Әкім сайлауы жарияланған округтердің көпшілігінде бұл лауазымды мемлекеттік қызмет саласында тәжірибесі мол азаматтар атқарып келді. Дегенмен, кейбірі бұл жолғы сайлауға қатысудан бас тартты. Атап айтқанда, Теміржол ауылдық округінің әкімі Ерлан Қасеналин мен Сарықамыс ауылдық округінің әкімі Марат Сейсембаев зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты сайлауға түскен жоқ.
Ал Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаев пен Шиқылдақ ауылының әкімі Гүлнар Еңсебаева өз лауазымдарына қайта үміткер болды. Бәйет ауылдық округінің әкімі Докторхан Амантай бұл жолы Сарықамыс ауылдық округі әкімі сайлауында бақ сынады.
Аталған округтерде барлығы 16 үміткер тіркелген болатын. Бірақ сайлау науқаны барысында Сарықамыс ауылдық округі бойынша үміткер Алмагүл Булекбаева сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартты.
Екібастұз аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, барлық учаскелерде дауыс беру заң талаптарына сай өтті. Сайлау нәтижелері сол күні кешкісін Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жарияланды.
Сайлау қорытындысы бойынша: Ақкөл ауылдық округінде – Ерлан Қабылтаев, Шиқылдақ ауылында – Гүлнар Еңсебаева, Теміржол ауылдық округінде – Талғат Ахметбеков, Бәйет ауылдық округінде – Қанат Шайхсламов, Сарықамыс ауылдық округінде Салауат Халиханұлы жеңіске жетті.
Жаңа сайланғандар қатарында үш жаңа әкім бар. Талғат Ахметбеков көп жылдар әскери салада еңбектенген. Қанат Шайхсламов бұған дейін Екібастұз қалалық білім бөлімінің №26 гимназия-мектебін басқарса, Салауат Халиханұлы Сарықамыс ауылында шаруашылықпен айналысқан, тұрғындарға жақсы таныс. Ол бұл сайлауда 118 сайлаушының қолдауына ие болды.
Осылайша, ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасап, жергілікті биліктің жаңа құрамын жасақтады. Ендігі міндет – сайланған әкімдердің ауыл өмірін жақсартуға бағытталған нақты жұмыстарды жүзеге асыруы.
А.Қасымжан


