Журналистика – қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ететін, жауапкершілігі мол ерекше сала. Ақпарат таратып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, елдің тыныс-тіршілігін шынайы жеткізу – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің күнделікті атқаратын жұмысы.
Осы маңызды еңбекті бағалаудың белгісі ретінде елімізде жыл сайын 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні атап өтіледі.
Биыл екібастұздық журналистердің кәсіби мерекесі «Атамұра» мәдениет орталығында қала әкімінің қатысуымен өтті.
Жиынға жергілікті басылымдар мен телеарна ұжымдары, журналистер мен техникалық қызметкерлер қатысты. Қала әкімі Аян Бейсекин құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына жылы лебізін білдірді.
Шара барысында ақпарат саласында белсенді еңбек етіп жүрген ұжымдар мен жекелеген мамандар марапатталды. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағыттағы сапалы материалдары үшін қала әкімінің гранты «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС-нің «Отарқа» және «Голос Экибастуза» газеттеріне, Екібастұз қалалық телекомпаниясына табысталды.
«Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі «Голос Экибастуза» газетінің редакторы Людмила Казанцева мен қалалық телекомпанияның редакторы Жанар Нұртаеваға тағылды. Облыс әкімінің грантына «Отарқа» газетінің жауапты хатшысы Гүлсана Медеубаева мен «Голос Экибастуза» газетінің бет қаттаушы дизайнері Зенфира Газизова ие болды.
Сондай-ақ, бейнеоператорлар Ғалымжан Бекетов пен Ризабек Дүйсенбайұлы, «Отарқа» газетінің тілшісі Ділназ Серікбай әкімнің құрмет грамотасына ие болды. Алғыс хатпен «Голос Экибастуза» газетінің тілшісі Полина Хаджибаева мен телекомпанияның шаруашылық жөніндегі көмекшісі Рауза Сыздықова марапатталды.
«Голос Экибастуза» газетінің жауапты хатшысы Ксения Кобеляцкаға Қазақстан Журналистер одағының құрмет грамотасы табысталды. Ал «Отарқа» газетінің оператор – бет қаттаушысы Әсел Алтышева Астанада мемлекеттік награда – «Шапағат» медалімен наградталғанын атап өту ләзім.
Салтанатты кеш мерекелік концертпен жалғасты. Алтынгүл Бахытхан орындаған «Теріскей», Бауырбек Бектеміровтің «Алтынай» және «Туған жер» әндерін, сондай-ақ, Айбек Алпыс пен Зарема Әуелбектің күй тартысын жиналған жұрт ыстық ықыласпен тыңдады.
Ділназ Серікбай

