Өмірін адам жанының амандығына арнаған, қаншама жанның дертіне дауа тауып, адал еңбегімен ел алғысына бөленген бақытты жар, ардақты ана, қаламызға танымал білікті дәрігер Сәния Шәкібайқызы Хамметова бүгінде 90 жасқа толғалы отыр.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының тумасы Сәния Шәкібайқызы 1959 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған соң, Екібастұз ауданына қарасты Төртқұдық ауылындағы ауруханаға қызметке жолдамамен келген екен. Еңбек жолын қарапайым учаскелік дәрігерліктен бастап, кейіннен кенді қалада емхана меңгерушісі, медициналық бірлестік бас дәрігерінің орынбасары, қалалық аурухананың пульмонология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ел медицинасын дамытуға қосқан үлесі үшін «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен, «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған ғибратты ғұмыр иесіне мерейтойы қарсаңында сәлем бере барып, сұхбаттастық.
– Сәния Шәкібайқызы, сізді 90 жас мерейтойыңызбен құттықтай келдік. Алла ғұмырыңызды ұзартып, жүз жасаңыз дейміз. Хал-қуатыңыз қалай? Тоқсан деген қандай жас екен?
– Айналайын, көп рахмет! Халіміз сол тоқсанға лайық дер едім. Арасында ойға алғаныңды ұмытып та қалып жатамыз. Ал негізі, тоқсан деген – бұл тіршіліктің ащы-тұщысын көріп, жақсысын бағалап, қиындығынан алған сабақтарды ой елегінен өткізетін, өмірдің қадірін терең түсінетін кез. Өз басым тоқсанды адамның жасы емес, ғибраттың, сабыр мен шүкірдің жасы деп білемін.
– Екібастұздың медицина саласында орныңыз ерекше. Қанша жыл қалалық аурухананың пульмонология бөлімін басқардыңыз. Адам өмірін сақтау жолындағы ең басты ұстанымыңыз қандай болды?
– Менің басты ұстанымым алдыма келген адамға шын ниетпен көмектесу болды. Кейде тек дәрі емес, жылы сөз, сенім, үміт те адамды емдейді. Адам денсаулығы, біздер, дәрігерлер үшін, аманат қой. Сол аманатты сақтау үшін бар білімімді, бар жүрегімді жұмсауға тырыстым. Сол еңбегіме қарай елден алғыс, ризашылық көп естідім, тәубе деймін. Тек еміне шипа тапқандардан ғана емес, әріптестерімнен де. Айта берсем, уақытыңды алармын. Ол кездің (КСРО уағын айтады – автор) дәрігерлерінің бойында «қайтсем де аман алып қалсам» деген риясыз жанталас, сол жолда жанқиярлық қызмет етуге әзірлік басым болды деп есептеймін. Уақыт, табыс дегенді кейінге ысырып қоятын ол буын.
– Қазіргі дәрігерлердің де бойынан бұл қасиеттер табылатын болар?
– Әлбетте, медицина жолын кез келген адам таңдай бермейді. Оған талабы, икемі мен бұл саланы білуге деген құштарлығы болмаса, дәрігер атануы екіталай. Қазір де білікті дәрігерлер көп. Қайсыбірін атайын, бүгінде емханалар мен ауруханаларда жұмыс істеп жатқан әрқайсысы ақ халатты абзал жан деп ауыз толтырып айтуға лайық. Десе де көргенімде жас ізбасарларыма науқастың анализ көрсеткіштерін зерттеп қана қоймай, олармен жылы сөйлесу керегін жиі айтамын.
– Сәния апай, Халел Бекбергенұлы Хамметовтей парасат иесімен отау құрып, алпыс жылға тарта тату-тәтті отбасы болып, бала өсіріп, немере-шөбере сүйдіңіз. Ертіс-Баян өңіріне тегіс танымал абыз ақсақалдың бойынан біз кемел кісілікті көретін едік. Немере-шөберенің атасына тартқаны бар ма?
– Жаным-ай, Халекең шын мәнінде ерекше тұлға еді ғой. Небір қиын сәттерде де сабырды өзіне серік етіп, өзгелерге де салмақты ой айта алатын.
Өмірлік жолдасыммен 1959 жылы отау құрдық. Халекең ол кезде Төртқұдық мектебінде мұғалімдік ететін. ҚазПИ-ді бітірген оған ұстаздары Алматыда қалып, аспирантурада оқуға ұсыныс жасаған көрінеді. Алайда ол ауылдағы әкесін ойлап, өзге туыстарына қамқор боламын деп елге қайтқан екен. Жауапкершілік қой. Шынымен де барынша қамқор жан болды. Білімді, ортасына қашанда сыйлы болып, жанына кілең жақсы-жайсаң жандарды жинады. Қазаққа танымал көптеген белгілі адамдармен араласты. Ең бастысы, Халекең адамның бойынан үнемі ізгілік іздейтін.
Ардақты Халекемнің қасиеттерін мен әр баламның бойынан көрем десем, артық айтқандық емес. Жаратқанға шүкір, әрқайсысы білімге құштар боп өсті. Алдына мақсат қойса, оны діттеген жеріне жеткізбей қоймайтын. Балаларымызды қазақы тәрбиеге қанық еттік. Халекең ана тілі, діл мәселесіне қалай қарағанын білесіңдер, немерелеріміз қазақ мектептерінде білім алды. Әлбетте, аталарының есімі үнемі аталып жүрсін деп оның есімін Дайыр балам өз ұлына қойды. Ырымшыл халықпыз, атасына тартса деген ізгі ниет біздікі…
– Тірлігі мен бірлігі жарасқан әдемі отбасы болудың алғышарты қандай, апа?
– Түсіністік. Отасқан жандар өзара түсініскенде өзге теріс қылыққа жол берілмейді деймін.
– Ал ұзақ жасаудың сыры неде?
– Ұзақ жасаудың сыры дейсің бе, ол үшін ой тазалығы мен қимыл-қозғалыс керек. Дәрігер болып жұмыс істеп жүрген кезде де науқастарыма: «Көп жата бермеңдер, қимылдап, бұлшық еттеріңді жұмыс істетіңдер» дейтінмін. Адам қартайған сайын бұлшық еттер әлсіреп, өз функциясынан жаңылады. Мұндайға жол бермеу керек. Неғұрлым қимыл әрекет көп болса, соғұрлым мидың да жасушалары тез алмасып отырады. Сол үшін қимылдаудан қашпаған жөн.
– Тағы бір рет өмірге келер болсаңыз, қайтадан дәрігер болар ма едіңіз?
– Иә, болар ем. Өз мамандығымды жақсы көремін. Дәрігер болып, елге қызмет етудің машақаты көп болғанымен, абыройы да ересен. Науқас жанның ауруынан құлан-таза айығып кетуіне титтей де болсын көмегің тисе, бақыт қой. Ал денсаулық – ешбір байлықпен өлшенбейтін дүние. Оны сақтай білу маңызды.
– Жақсыдан – шарапат деген, апа, батаңызды беріңіз.
– Айналайын, ғұмырлы бол!
Адал ниет, ақ тілек, ақ батамыз оң болсын!
Абыройың асқақтап,
Әрқашанда жол болсын!
Балаң үбірлі болсын,
Қызық түбірлі болсын!
Бастарыңа амандық берсін,
Шаңырағыңа шаттық құйылсын!
Ең бастысы – денсаулық берсін!
– Әумин! Айтқаныңыз келсін! Сіздей жаннан бата алу да бір бақыт! Жүз жасаңыз, ардақты апа!
Сұхбаттасқан: Айнұр Мейрамова
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ