Бизнес ашу, әрине, оңай шаруа емес. Кәсіпті бастау үшін мал мен жерге қоса техника да болуы керек. Осындайда көмекке субсидиялау келеді.
Субсидия – кәсіпкер шығындарының белгілі бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмек. Ол мал немесе тұқым сатып алуға, сондай-ақ, қандай да бір техника алуға да беріледі. Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жалпы 120 млрд теңге бөлініпті.
– Үстіміздегі жылдың 22 маусымынан бастап субсидиялау тәртібіне бірқатар жаңалықтар енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша мал тұқымын асылдандырып, өнімділігін арттыру көзделіп отыр. Мал, тұқым, техника, т.б. сатып алуға кеткен шығынның бір бөлігін мемлекет өтейді, – деді А.Көпежанов.
Тағы бір жаңалық – техника сатып алудағы өзгерістер. ҚР Преьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге қолдау көрсету керектігін айтқан болатын.
«Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ, азық-түлік тауарлары бойынша тек қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді», – деген еді Үкімет басшысы өз сөзінде.
Субсидиялау тәртібінде отандық өнімге басымдық беріледі. Техника сатып алу кезінде Қазақстаннан шыққан өнімге – 30 пайыз, шетелдік техникаға 25 пайыз субсидия ұсынылады.
– Тағы бір ескеретін жай, Қазақстанда шығарылмайтын техниканы ғана шетелден алуға болады. Егер кәсіпкер алған жабдық елімізде де шығарылатын болса, субсидиялауға жатпайды, – деп түсіндірді Азамат Жұмажанұлы. – Бүгінгі күні өңірдегі трактор паркі 4 пайызға жаңартылды. Жыл басынан бері 19 трактор, 3 тиегіш, көптеген тіркеме, тырмалар сатып алынды. Тамшылата суаратын, картоп пен сәбіз егетін жабдық түрлеріне тапсырыс бергендер бар.
Субсидия алу үшін Gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік жүйесіне тіркелу керек. Негізгі беттегі субсидиялау санатын, тіркелу формасын толтырып, қажетті құжаттарды, деректерді енгізу қажет. Құжатқа ЭЦҚ арқылы қол қойылады.
Жоғарыда мемлекеттік бағдарламаларға қатысу цифрландырылғанын айттық. Бұл орайда компьютер жайын біле бермейтін аға буынға ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандар көмектесуге әзір.
– Бөлімде бүгінде 6 маман еңбек етуде. Олар кәсіпкерлерді өз салаларына қатысты жаңалықтардан құлағдар етіп, көмектерін ұсынуға әзір, – дейді бұл жөнінде бөлім басшысының міндетін атқарушы А.Көпежанов.
Мемлекеттік бағдарламалар ауыл тұрғындары арасында зор қызығушылық тудыруда. Бұл шағын бизнестің өркен жаюына себепкер болары сөзсіз.
Гүлсана Медеубай
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ