Қаламыздағы іргелі білім ордаларының бірі – №13 орта мектеп оқушылары жаңа оқу жылында денешынықтыру сабағында жаңа жазғы спорт кешенінде шынығатын болады. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Спорт кешенін салуға облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен облыстық бюджеттен 120 миллион теңге қаржы бөлініпті. Тендерді ұтып алған «Сарман строй» ЖШС көлемі 60х40 метр футбол алаңын қоршап, енді жасанды жабынды төсеуге кірісіп кетіпті. Сонымен қатар, футбол алаңы айналасын жағалай жүгіру жолы жасалып, табаны бетондалған. Жалпы ұзындығы 300 метр жүгіру жолына тартан төселеді. Ал футбол алаңының арғы бетінде тренажерлар орнатылыпты.
Қысқасы, жаңа спорттық кешен оқушылардың спортпен шұғылдануына аса қолайлы болмақ.
– Мектеп басшылығы өтінішіне қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылық білдіреміз. Соңғы жылдары білім ошағының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, инфрақұрылым жақсартылды, – дейді мектеп директоры Ерсағат Сапаұлы әңгімесінде.
Айтпақшы, осы мектепті көп жыл басқарып, білім мен тәрбие беру ісін жоғары сатыға көтерген Ерсағат Әшіров зейнеткерлікке шықты. Қырық жылдан астам білім саласында адал еңбек еткен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған оның ұжыммен қоштасуы мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімімен дөп келді.
№13 мектептен биыл 36 түлек өмірге қанат қақты. Солардың 80 пайызы орта мектепті 4 пен 5-ке аяқтап отыр. Ал пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайыстарында көзге түскен Дарья Гарбузовская мектепті «Алтын белгіге» бітірді.
Мектеппен қоштасу кезінде он бір жыл орысша білім алған ұл-қыздардың «Қош бол, мектебім!» әнін қазақша қосыла шырқауы тыңдаған қауымның көңілін толқытты. Туып-өскен елге, тәлім-тәрбие берген ұстаздар қауымына деген құрмет осылайша көрініс тапты.
Ж.Жәлелұлы
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ