Биыл Екібастұз қаласында 1108 түлек мектеппен қоштасты. Артта қалған жылдарда алған білім мен тәрбиенің арқасында олар енді жаңа өмірге, ересек шаққа қадам басуда. Биыл өңірімізде 74 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.
«Алтын белгілерді» табыстауға арналған салтанатты рәсім «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өтті. Шарада қала әкімі Аян Бейсекин түлектерге жылы лебізін білдіріп, олардың табысты болашағына сенім артты:
– Құрметті түлектер! Сіздерді маңызды жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін сіздер ерекше марапат – «Алтын белгі» иегері атанып отырсыздар. Бұл – сіздердің табандылықтарыңыздың, тынымсыз еңбектеріңіздің, білімге деген құштарлықтарыңыздың нәтижесі. Әрқайсыңыз талантты, ізденімпаз жастарсыздар. Біз сіздермен мақтанамыз!
Марапаттау рәсімінде әрбір түлек сахна төріне көтеріліп, «Алтын белгі» төсбелгісімен, үздік аттестатпен және 100 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында республикалық олимпиадалардың, поэзиялық және ғылыми байқаулардың жеңімпаздары да бар. Атап айтқанда, Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде жеңімпаз атанып, Павлодар педагогикалық университетінің мемлекеттік грантына ие болған №35 гимназия-мектебінің түлегі Роман Седлецкий мен республикалық Абай оқуларының лауреаты, жас ақындар байқауының жеңімпазы, №36 мектептің түлегі Темірлан Жүністай да озаттардың қатарында.
Шарада түлектер атынан жүрекжарды лебізін білдіру үшін сөз Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің түлегі, ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жүлдегері Малика Дүйсенбаеваға берілді:
– Мектеп – біз үшін өмірлік құндылықтарды үйреткен алтын бесік. Бұл жылдарда біз мақсат қоюды, жауапкершілік пен табандылықты, адамдармен тіл табысуды үйрендік. Бүгінгі жетістік – ұстаздарымыздың мейірімі мен ата-аналарымыздың қолдауының нәтижесі. Бізді әрдайым алға жетелегендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Енді бәрі өз қолымызда – болашағымызды өзіміз қалыптастырамыз!
Салтанатты рәсімнен кейін берген сұхбатында №23 мектептің түлегі, спортшы Темірлан Тілеуберген өз ойын бөлісті:
– Мен еркін күреспен айналысамын. Бұл жетістікке жетуімде ата-анам мен ұстаздарымның еңбегі орасан. ҰБТ-дан кейін Астана қаласында оқуды жоспарлап отырмын. Армандарым биік, соларға жету үшін еңбектенемін.
Ал Аққөл жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Әмина Қырықбай:
– 11 жыл ішінде қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болдым. ҰБТ-да биология-химия бағытын таңдап, болашақта медицина немесе биотехнология саласына бет бұрғым келеді. Осы жолда маған бағыт-бағдар берген ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін, – деді.
Салтанатты кеш қала мектептерінің түлектері дайындаған «Өмір өрнектері» биімен жалғасып, мектеп өмірінен сыр шертетін әндер зал толы көрерменді балалық шаққа жетеледі. Әсіресе, авторлық әнімен сахнаға шыққан Қуат Құдайқұловтың «Екібастұз» атты әні көпшіліктің көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.
Ділназ Серікбай
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ