Қала әкімі Аян Бейсекиннің кезекті есеп беру жиыны Қоянды ауылында өтті. Биыл қояндылықтар үшін ерекше белсенді, табысты жыл болып отыр. Ауылда бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың көптен күткен мәселелері шешімін табуда.
Ауыл ішіндегі басты жаңалықтардың бірі – көшеге асфальт төсеу жұмыстарының басталуы. Сонымен қатар, Қояндыдағы жалғыз мектеп пен оған қарасты мектепке дейінгі шағын орталық ғимаратына республикалық бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жобалар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Павлодар облысындағы «Винтрейд» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, күрделі жөндеуге ғимараттың сыртқы келбетін қалпына келтіру, мектеп ауласын абаттандыру, мектеп ішін әрлеу, спорт залы мен дәліздерді жөндеу, сыныптарды заманауи талапқа сай жабдықтау, электр жүйесін жаңарту және терезелерді ауыстыру сынды жұмыстар кіреді.
– Қазіргі таңда жұмыстардың 70 пайызға жуығы аяқталды. Жаңа оқу жылына дейін мектеп толық дайын болады деген сенімдеміз, – деді бөлім басшысы.
Жаңғыртулар мұнымен шектелмейді. Ауыл жастарына арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да басталған. Қазіргі уақытта нысанның қабырғалары көтерілуде. Болашақта бұл кешенде волейбол, баскетбол және күрес секілді спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалады. Сондай-ақ, кешенде әкімшілік бөлім, тазалық және медициналық қызмет көрсету кабинеттері қарастырылған.
– Жұмыс қарқыны жақсы. Қажетті құрылыс материалдары алдын ала дайындалған. Жобаны қаржыландыру ағымдағы және келесі жылдарға жоспарланған, – дейді кешен құрылысын жүргізіп жатқан «Промжилстройкомплекс» ЖШС директоры Виталий Овцынов.
Ауылдағы істердің барысымен танысқан қала басшысы тұрғындармен жеке кездесу өткізіп, олардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Кездесу барысында ауылда мәдениет үйінің жоқтығы, балалар ойын алаңшасының қажеттігі айтылды. Қоянды ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Қазынагүл Алпысбаева ауыл халқының атынан жаңа мәдениет үйінің қажеттігін жеткізді.
Бұл ұсынысқа жауап берген қала әкімі:
– Ауыл халқының саны тұрақты, мәдениет саласын дамыту қажет. Сондықтан бұл мәселе келесі жылдары міндетті түрде қарастырылады, – деп уәде берді.
Сондай-ақ, балалар ойын алаңшасын салу мәселесі де алдағы уақытта оң шешімін табатынын жеткізді.
Ауыл ішінде малдың бақылаусыз жайылуына байланысты туындаған шағымдарға қатысты Аян Уахитұлы жергілікті учаскелік полиция инспекторына және ауылдық округ әкіміне нақты тапсырмалар берді. Қараусыз мал иелеріне заң аясында әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.
Қоянды ауылындағы қарқынды жұмыстар елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, ауылды жүйелі дамытуға серпін берері сөзсіз.
Ділназ Серікбай
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ