19 маусымда облысымызда соққан қатты дауыл жұртшылықты біраз сергелдеңге салды. Тәулік бойы Ақсу қаласы, Баянауыл ауданының елді мекендері жарықсыз қалғаны былай тұрсын, тіпті адам шығыны болды: Ақсу қаласында құлаған ағаш бұтағы такси жолаушысының кеудесін жарып өткен. Ал ұшқан шатыр, ағаш астында жапырылған көлік дегеніңіз толып жатыр.
Табиғаттың тосын мінезі Екібастұзға да біраз қиындықтар келтірді, 28 м/с жылдамдықпен соққан жел салдарынан қалада біраз уақытқа жарық өшті.
Қаладағы көпқабатты 63 үйдің (жалпы аумағы – 1898 шаршы метр), 6 әкімшілік ғимараттың (мемлекеттік кірістер басқармасы, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, полиция басқармасы, политехникалық колледж, №1 лицей-мектебінің және ЖПҚБ ғимараттары) шатырларына зақым келген (7730 шаршы метр). Назар аударарлық жайт, аталған тізімдегі политехникалық колледж бен №1 лицей-мектебінің шатырлары 2024 жылы ғана, мемлекеттік кірістер басқармасының шатыры 2023 жылы жөндеуден өтіпті. Қазіргі уақытта зардап шеккен ғимараттардағы ақауларды арнайы комиссия қарап, бағалауда.
Қаламен бірге Құдайкөл, Құлакөл, Қарасор, Құрылысшы, Бесқауға, Шиқылдақ, Әлкей Марғұлан ауылдарында және Шідерті, Төртқұдық кенттерінде де жарық өшті. Электр желілеріндегі ақаулар көп ұзамай қалпына келтірілді.
Екібастұз қаласында дауыл кезінде 1948 жылы туған әйел адамға ауладағы ағаш құлап, ауруханаға жеткізілген. Оған бас миының шайқалуы деген диагноз қойылды. 1997 жылы туған тағы бір тұрғын түрлі жарақаттарымен дәрігерге жүгініп, амбулаторлық ем қабылдады.
Қаладағы коммуналдық қызметтер дауыл зардаптарын жоюға жедел кірісіп, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімімен бірлесіп құлаған ағаштар мен бұталарды шығарып, бағдаршамдарды (зақымданғаны – 7) іске қосты, электр желілерін қалпына келтірді. Жүргіншілердің жүріп-тұруы қиындаған жолдар тазартылып, бүлінген конструкциялар мен абаттандыру элементтері, сондай-ақ, аялдамалар жөнделді. Жалпы, дауыл зардаптарын жоюға 9 мердігер ұйым, 130 жұмысшы, 90 арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Нәтижесінде 1500 текше метр сынған ағаш пен сүрек шығарылды: тексеріс жұмыстары қала аумағында 200 түп ағаш құлағанын көрсетті.
19-ы күні түнде қала әкімі Аян Бейсекин Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысын өткізіп, жауапты қызметтердің атқарған жұмыстары туралы аралық есепті тыңдап, алда атқарылар міндеттерді белгіледі. Түсінген адамға бұл дауыл бір сабақ десек болады. Дәл сол күні Майқайың кентінде әлдебір ғимараттың шатыры құлап, шаңырағы ортасына түскенін өз көзімізбен көрдік. Кенттің қақ ортасында алып электр бағандарының серейіп жатуы да адамдар үшін аса қауіпті еді.
Әріптесіміз, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Болат Аманбаевтың әлеуметтік желіде таратқан мәліметтерінен небір сойқан жайттарды көрдік. Мәселен, Ақсу қаласында жап-жаңа үйлердің қабырғасындағы кірпіштер сыдырылып түсіп қалған. Аз қамтылған отбасыларға берілген көпқабатты үйлердің төбесін жапқан қаңылтыр ұшып кетіп, тұрғындары ашық аспан астында қалыпты. Әріптесіміз кейін бұл жайтты сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі назарға алғанын хабарлады. Бір сөзбен айтсақ, дүлей дауыл жемқорлардың билік назарынан тыс қалған әрекеттерін әшкерелеп берді.
19-20 маусым күндері Баянауыл ауданы мен Ақсу қаласы тәулік бойы жарықсыз отырды дедік. Бұлай болуына Екібастұз қаласынан Баянауыл ауданына бағытталған 110 кВ электр желісіндегі 5 бағананың құлауы себеп болған. Соның салдарынан 38 елді мекенде 24700 абонент жарықсыз, сусыз қалды. Ал Майкөбе ауылының тұрғындары әлеуметтік желіде «Төрт күн жарықсыз отырмыз» деп дабыл қақты.
Сол сияқты, Ақсу қаласының жарықсыз қалуына 500 кВ-тық 8 тірек электр бағанасының құлауы себеп болған. Бағаналарды қалпына келтіру жұмыстарына «KEGOC» АҚ жұмысшылары жұмылып, оларға Астана, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Қарағанды қалаларынан да жұмыс күші қосылды.
Дауылдан зардап шеккен азаматтар ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 Қаулысы шеңберінде өтемақыға өтінім бере алады. Туындаған мәселелермен Энергетиктер көшесі, 62 мекенжайында орналасқан тұрғын үй инспекциясына (тел.: 8 708 801 47 37), ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне (74-05-52) және 112, 109 жедел желілеріне хабарласу қажет. Өтініштерді қарастыру бөлімінің байланыс нөмірлері: 34-77-04, 8775-710-02-91.
Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар салдарларын жою мәселесімен өтінім берген азаматтар саны – 15. Әр өтінім бойынша белгіленген тәртіппен тексеріп-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал дауыл кезінде бүлінген 6 автокөлікке қатысты мән-жай жеке тәртіппен шешілуде.
Ж.ӘБДІКӘРІМ
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ