23 маусым күні «Самғау» шығармашылық орталығының үлкен залында Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күніне арналған «Тәуелсіздікке қызмет – ұлтқа адалдық» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет жүйесінде, құқық қорғау және сот салаларында адал еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталып, мерекелік концерт ұсынылды.
Салтанатты жиынның ресми бөлімі қала әкімі Аян Бейсекиннің құттықтау сөзімен ашылды. Қала басшысы мемлекеттік қызметтің ел тағдырындағы рөлін айрықша атап өтті:
– Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – үлкен абырой, жауапты миссия. Сіздер халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың қауіпсіздігі мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келесіздер, – деді әкім өз сөзінде.
Аян Уахитұлы құқық қорғау саласындағы жетістіктерге де тоқталып өтті. Биыл өңірде құқық бұзушылықтар саны едәуір азайып, әсіресе, ұрлық 50 пайызға төмендеген. Бұл – орнатылған бейнебақылау камералары, жаңғыртылған жедел басқару орталығы және «Тергеушінің интерактивті көмекшісі» сынды жаңа цифрлық жобалар нәтижесі.
Әкім мемлекеттік қызмет саласындағы оң үрдістерге де назар аударды. Қала бойынша 250-ден астам әкімшілік мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, олардың 30 пайызын жастар құрайды. Қызметкерлер біліктілігін арттырып, спорттық және шығармашылық байқауларда белсенділік танытып жүр. Айталық, жуырда Павлодар қаласында өткен «Дәстүр тағылымы» облыстық байқауында Екібастұз қаласы әкімдігі атынан қатысқан «Халық үшін» командасы бас жүлде иегері атанды.
– Күнделікті қызметтегі қиындықтар мен ауыртпашылықтарға қарамастан, түйінді мәселелердің тиімді шешімін тауып отыратын, өз антына берік мемлекеттік қызметшілерге зор алғысымды білдіремін, – деді Аян Уахитұлы.
Салтанатты жиында қала әкімі ел мүддесі жолында адал қызмет етіп жүрген бірқатар азаматқа Павлодар облысы әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Бұл марапатқа Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов, қала әкімі аппаратының бас маманы Гүлнар Қасымова және Шиқылдақ ауылы әкімі аппаратының бас маманы Риза Джаубаева ие болды.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті тарапынан Екібастұз қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің бас маманы Қайныш Оспанова марапатталды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткені, мемлекеттік басқару ісін дамытқаны және кәсіби міндетін мінсіз атқарғаны үшін ішкі істер органдарының ардагері Ғарифолла Абдрахмановқа, мәслихат аппаратының басшысы Бибігүл Амановаға және сот орындаушысы Айдар Құсаиновқа «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды.
Ал қала әкімінің құрмет грамотасымен жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Айман Әбілханова, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі, аға лейтенант Айдар Аппасов, полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Самат Бектырбаев, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының бас маманы Әсия Ирбатырова, білім беру бөлімінің бас маманы Гүлнар Искакова, Екібастұз қалалық сотының судьясы Валентина Качан, экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Орынгүл Қорабаева, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі бас маманы Диана Майкенова, қалалық мәслихат аппаратының бас маманы Талғат Мұрзалинов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жанар Нахметова, төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы Жасұлан Өмірбеков, қалалық қазынашылық басқармасының бас маманы Ильназ Опбаева және мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Райхан Тасыбаева марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар сала мамандарына қала әкімінің алғыс хаты табыс етілді.
Марапаттау рәсімі қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраевтың құттықтау сөзімен жалғасты. Мәслихат тарапынан кәсіби шеберлігімен ерекшеленген Екібастұз қаласы полиция басқармасы МАЭС-2 және Шідерті кентіндегі полиция бөлімшелерінің инспекторлары, полиция капитандары Нариман Жетпісбаев пен Әуелбек Тлешов, сондай-ақ, полиция басқармасы кезекші бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Бекжан Сабыров құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын соңы мерекелік концертпен жалғасты. Сахнада «Нұршашу» хореографиялық ансамблі, әнші Қуат Құдайқұлов және «TABRIZ» вокалдық тобы өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ділназ Серікбай
