17 маусымда Павлодар қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік қызметші күніне орай «Мен – өз қызметімнің маманымын» атты облыстық байқау өтті.
Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, халқымыздың рухани құндылықтарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен дәріптеу, мемлекеттік қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатында өткен байқауда облыстың қалалары мен аудандарынан 7 команда бақ сынады.
Солнечный кентінің әкімі Архат Илеубаев, әкім аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Торғын Апақова, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жұпар Мергембаева, құрылыс бөлімінің бас маманы Әнуарбек Адилов, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Қайырбай сияқты жас та белсенді мамандардан құралған команданы Екібастұз қаласының әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлзейнеп Есембаева бастап барды.
Байқау төрт бөлімнен тұрды. «Таныстыру» кезеңінде әр команда өзін 3 минуттық бейнероликпен таныстырды. Бұл бөлімде екібастұздық команда мазмұнды әрі креативті таныстыруымен ерекшеленді.
«Мақал – сөз мәйегі» бөлімінде әр командаға берілген мақалды жалғастыру міндеті жүктелді. Ал «Салт-дәстүрім – қазынам» кезеңінде капитандар сынға түсті. Бұл бөлімде Екібастұз командасының капитаны Г.Есембаева сұрақтарға жылдам әрі толымды жауап берді және басқа капитандарды күмілжіткен сұрақтардың да жауабын айтып, жоғары ұпай жинады.
«Өнер» бөлімінде әр команда алдын ала дайындалған шағын көріністерін көрсетіп, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты паш етті. Екібастұздықтар ұмыт болып бара жатқан көне дәстүр – қамшы ілуді насихаттады. Команда мүшелері өздерінің шешендігімен, домбырада ән салу өнерімен де көпшіліктің ілтипатына бөленді.
Осылайша бұл байқауда Екібастұз қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінен құралған «Халық үшін» командасы бас жүлдені жеңіп алды.
Ж.ҚАДЫРОВА
Маңызды
- АСТАНАДА ТОП ЖАРҒАН ТӘРБИЕШІ
- СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
- «КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫ – ОЙ ТАЗАЛЫҒЫНДА…»
- Субсидия жұмысты жеңілдетеді
- Іскер азаматтарға арналған
- Ауылдықтар үміт артқан бағдарлама
- «Ауыл аманаты» – шаруалар игілігіне
- МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНЕДІ