Ата-ана қарауынсыз қалған, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалармен жұмыс алгоритмі аса күрделі. Ол қандай да бір тәсілдерді, мамандар көмегін қажет етеді. Бүгінде түрлі отбасылық жағдайларға байланысты қараусыз қалған балаларға Екібастұз балаларды қолдау орталығы пана болып жүр. Балалардың ортақ анасы – Нағима Әбдрахманова бұл мекемеде көп жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Нағима Атайқызы балаларды қолдау орталығының жұмысы көптеген мемлекеттік мекемелер ынтымақтаса қимылдағанда ғана нәтижелі болатынын айтады.
– Осы бір ортақ жұмысты пирамида деп қарастырсақ, оның ең төменгі бөлігі – тұрмысы нашар, көмек қажет ететін отбасылар балаларын анықтау. Мұндай жағдайлар көбіне орта мектептерде байқалып, қорғаншылық органның қатысуымен анықталып жатады. Пирамиданың ортаңғы бөлігінде жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия, денсаулық сақтау ұйымдары, ювеналды полиция және жұмыспен қамту бөлімінің жұмыстары үйлестіріледі. Осылардан еш қайран болмай, ұйымдастырылған жұмыс нәтижесін бермесе ғана жәудіркөздер балаларды қолдау орталығына әкелінеді. Бұл пирамиданың шыңы болмақ. Ал орталық қызметкерлерінің негізгі міндеттері – қабылдау, көмектесу, қолдау көрсету, – дейді Екібастұз балаларды қолдау орталығының басшысы.
71 орындық мекемеде үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына 54 бала болса, бүгінгі таңда 3-18 жас аралығындағы 61 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 6-уы – тұл жетім, 55-і – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Кәмелеттік жасқа толмаған елу бала №№24, 26 мектептерде білім алады. Ал мектепке дейінгі жастағы 10 балақай №№ 23, 4, 8, 25 балабақшаларға барады. Мектеп ішінде 10 үйірме, 5 спорттық секция бар.
Жыл басынан бері 18 бала отбасына орналастырылған, 16 бала өз отбасына оралған. Қорғаншылық орган мұндай отбасыларды бақылауда ұстайды.
Мекемеде 2 уақытша топ жұмыс істейді екен. Оған орталыққа жаңа келген балалар топтастырылып, баланың отбасына жағдайын, мінез-құлқын түзеуге 6 ай уақыт беріледі. Мұндайда мемлекеттік органдар жұмыла жәрдем көрсетеді. Ата-аналарды жұмысқа орналастырып, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеуге көмектеседі. Жоғарыда аталған 16 баланың жартысын қорғаншылық орган осылайша қысқа мерзімде, сот шешімінсіз-ақ отбасына қайтарыпты. Өкінішке қарай, алты айда ойланбайтын ата-аналар бар. Олардың ата-аналық құқығы шектеліп, балалары тұрақты топтарға көшіріледі.
«Үшінші тоқсан нәтижесінде бір қызымыз үздік шығып, 13 оқушы жақсы деген нәтиже көрсетіп отыр», – деген Н.Әбдрахманова оқушылардың жетістіктері туралы әңгімеледі.
Балаларды қолдау орталығына түрлі кәсіпкерлер көмек қолын созып жүр. Көп жылдан бері «Восточный» кеніші шефтік көмек көрсетуде. Бірінші жартыжылдықта кеніш басшылығы балаларды «Снежинка» қысқы кешеніне, кинотеатр мен ойын-сауық орталықтарына апарып қыдыртты. Түрлі жобаларға қатыстырды. Ас пісіруді жақсы көретін қыздарға арнап іскер әйелдер ассоциациясы «Мокко» дәмханасында шара ұйымдастырды, онда қыздар пицца пісіруді үйренді. Балалар музыка мектебіне сабаққа барады.
ҚР Президенті бастауымен «Мейірім» жобасы қолға алынды. Осы орайда «Сәби бақыты» қоғамдық қоры есепшоттарында қаражаты жоқ балаларға 100 мың теңгеден ақша аударды.
– «Сөйле» тіл орталығы қайырымдылық негізде балаларға ағылшын тілін тегін үйретеді. Қазірдің өзінде тіл курсына қатысатын 5 баланың біреуі 1-деңгейге жетті. Енді оған шетелден келген мұғалім сабақ беретін болады, – дейді мақтанышпен Н.Әбдрахманова.
Балалар үш жыл қатарынан жазғы демалыста Бурабайға барып демалып келді. Биыл тағы демеушілерден ұсыныс күтіп отыр.
Сөз соңында Нағима Әбдрахманова ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мейірім мен түсінік қажет екеніне баса назар аударды.
Гүлсана Медеубайтегі