«Ерекше лагерьлер 1948 жылы ұйымдастырылып, оларға кодтық атаулар берілді: Воркутада – Речлаг, Колымада – Берлаг, Тайшетте – Озерлаг, Мордовияда – Дубровлаг, Қазақстанда – Песчанлаг және Степлаг. Бізді алып келген Екібастұз алма-кезек соңғы екі ерекше лагерь құрамына кірді. 1950 жылғы тамыздың соңында біздің этап Павлодар түрмесінен Песчан лагері конвойының қолына тапсырылды.
… Екібастұзға түнделетіп жеттік. Кепілдендірілген тіскебасар – жеті жүз грамм нан, жалпы жұмыстан мамандығыңа сай жұмысқа ауысу ауыр. Лагерьлік түрмеден басқа, зонада торлы терезелері бар, тікенек сыммен қоршалған барак – бур (күшейтілген режимдегі барак) болды. Екі күн ішінде бізге киім-кешек беріп, суретші бояумен әрқайсымызға нөмірлерімізді жазып берді. Осыдан соң бізді бригадаларға бөліп, жалпы жұмысқа – фин үйлеріне арналған траншея қазуға шығарды. Екі аптадан кейін тас қалауға кірістік».
Бұл – саяси қуғынға ұшырап, Екібастұз лагерінің дәмін татқан Димитрий Паниннің «Лубянка – Екібастұз» кітабындағы жазбалардан үзінді.
Кітап авторы Димитрий Панин – 1911 – 1987 жылдары өмір сүрген инженер-конструктор, философ. Жоғары білімді Мәскеу химиялық машина жасау институтында сырттай алып, кейін аспирантура бітірген. Екібастұз лагерінде қаптау комбинатының механикалық шеберханасында еңбек етіп, жалпы жұмыстар бригадирі болған. 1951 жылдың күзінде оттегі құрылғысын қалпына келтіруге қатысты инженерлік жұмыстарға ауысқан. 1952 жылғы қаңтарда лагерьдегі көтеріліс – аштық жариялауға қатысқан.
Қарт тарих ауыр демін ішіне тартып тұрған сонау зобалаң жылдарды еске түсіретін осындай естеліктерді Екібастұз тарихи-өлкетану музейінен табасың. Мұнда Ц-952 нөмірлі тұтқынның мұқабасы құрылыстық қара қағаздан жасалған күнделігі де бар: авторы зиялы, көзі ашық адам болғанымен, аты-жөнін анықтау мүмкін болмаған. Ал күнделіктің өзі 2004 жылы Қонаев көшесіндегі ғимараттарды бұзу кезінде табылыпты.
Күнделіктің бірінші бетінде «Әлемнің және адамның жолы мен өмір жайлы ойлар» деген тақырып пен «1951 жылғы мамыр» деген дата бар. Ары қарай күнделік мәтіні былай өрілген: «Адамдар мен азаматтар, бауырлар мен әпкелер, күллі әлемдегі әкелер мен аналар, достарым. Назарымды сіздерге аударамын. Мен бар жаныммен, жүрегіммен жан дүниесімен адам болып саналатын әрбір жан үшін қымбат құндылықтарды қорғауға талпындым. Тағылық, надандық, арсыздық, бетпақтық пен ұждансыздыққа төзе алмағаным үшін диктатордың қалауымен, өз халқымның арасынан шыққан оңбағандардың қолымен лагерьге түсіп, Ц-952 нөміріне ие болдым. Сонымен, мен бүгін коммунизмнің нөмірленген құлына айналдым. Концлагерьдің ауыр ахуалында да мен құлдықты тұтас әлемнің мойнына ілгісі келетін күштермен күресті жалғастырудамын. Олар бұған жете алмайды деп ойлаймын».
Екінші парақтағы «Бастамасы беймәлім… Сұмдықтың сүйектері ғаламшарды бүркеді. Ондағы көлеңкені жойыңдар, барлық жерүсті, күн сәулесіне еркіндік беріңдер» деген лирикалық жолдар да автордың ішкі арпалысы мен қарсылығын бейнелейді.
Ал Екібастұз лагерінің тағы бір тұтқыны – дәрігер Семен Бадаш «Екібастұздағы лагерь бар болғаны «Далалық лагерь» атауымен күллі Солтүстік Қазақстанға бөлініп кеткен көптеген лагерьлік пункттердің бірі ғана еді. Жердің үстіңгі қабатынан мол кен табылуына байланысты мұнда шахтерлар қаласы салынуы керек болды. Бір-екі рет күрек сілтесең болғаны, көмір шыға келетін. Лагерь «Екібастұзкөмір» тресін жұмыс күшімен қамтамасыз етті. Көмір өнеркәсібі министрлігі біздің еңбегіміздің ақысын ІІМ-ге жолдады, ал құл-тұтқындар бір тілім нан үшін тер төкті. Уақытша энергопойызға арналған жабынның, механикалық шеберханалардың, ағаш өңдеу комбинаттарының, кірпіш зауытының құрылысы басталды» деп жазады «Колыма ты моя, Колыма» кітабында.
Жалпы, Екібастұз лагері мен ондағы саяси тұтқындар жайлы деректер жергілікті журналистердің материалдарында болмаса, Екібастұз өңірінің тарихына қатысты энциклопедияларға енгізілмеген, олар жайлы мағлұматтар негізінен ресейлік қаламгерлердің кітаптарынан табылады. Жазбалар негізінен «ГуЛАГ жайлы естеліктер мен олардың авторлары» электронды базасында шоғырланған.
Саяси-қуғын сүргін десе, екібастұздықтардың есіне алдымен түсетін нысандардың бірі – қаланың оңтүстік бөлігіндегі жылу электр орталығы жанында, Тұз көлінің шет жағында орналасқан зират. Онда «Бұл жерде 1935-1952 жылдары жазықсыз жапа шеккендер жерленген» деген жазуы бар ескерткіш тақта орналасқан. Жыл сайын қаланың белсенді жастары жастар бастамаларын қолдау орталығының ұйымдастыруымен зират қоршауын сырлап, айналасын ретке келтіруді дәстүрге айналдырған.
Байыптап қарасақ, Павлодар мен Екібастұз қалаларында болған лагерьлер тарихы, онда азапты тіршілік кешкен жандардың ғұмыр жолдары бізге әлі де беймәлім. Тұтқындардың көпшілігінің мүрдесі тиісінше жерленбей, үйінділер астында қалғаны белгілі, жерленгендердің өзі аты-жөні анықталмай кете барған. Жазықсыз жаламен туған жерінен, өмір сүрген ортасынан мәжбүрлі түрде, саяси тоқпақтың кесірінен ғана ажыраған сол адамдар кезінде осы қаланы өз қолдарымен тұрғызған…
… Жыл сайын 31 мамырда екібастұздықтар саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтан жапа шеккен жандарды еске алып, «Шахтер» саябағында орналасқан ескерткішке гүл қойып, белгілі-белгісіз марқұмдардың рухына тағзым етеді. Тарихтың қасіретті беттерін еске салып тұрған бұл нысан 2006 жылдың 30 тамызында ашылған, авторы – қаланың сол кездегі бас сәулетшісі Жеңіс Мәрденов.
Ж.ӘБДІКӘРІМ
