26 мамыр күні «Қазақстан» алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және «Қазақстан балалары» республикалық онкүндігі аясында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған «Өз денсаулығыңды тексер» атты ашық шеберлік сабақтары өтті.
Шара барысында мектеп оқушылары төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуді үйреніп, алғашқы көмек дағдыларын тәжірибе арқылы меңгерді. Қатысушылар қан кетуді тоқтату, ес-түссіз жатқан адамға алғашқы көмек көрсету, тұншығу кезінде дұрыс әрекет ету, жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс беру тәсілдерін пысықтады. Олар өз қолдарымен таңғыш байлап, жедел жәрдем шақыру тәртібін қайталап, арнайы манекендермен реанимациялық жаттығу жасап көрді.
Шеберлік сабақтарын Екібастұз қаласы жедел жәрдем қызметінің мамандары, медицина колледжінің студенттері мен оқытушылары, қалалық емханалардың дәрігерлері және ҚР «Қызыл жарты ай» қоғамының еріктілері жүргізді.
1937 жылы құрылған ҚР «Қызыл жарты ай» қоғамы – еліміздегі ең ірі және белсенді гуманитарлық ұйымдардың бірі. Ұйым халыққа алғашқы көмек көрсетуді үйретіп, төтенше жағдайлар кезінде халыққа қолдау, әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмек көрсетумен айналысады. Павлодар облыстық филиалының еріктілері балалармен тығыз жұмыс істеп, алғашқы көмекті қолжетімді әрі ұғынықты тілде түсіндіріп, батыл әрекет етуді үйретті.
– Шеберлік сабақтары балалардың өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгеруіне ықпал етіп, денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Практикаға негізделген мұндай іс-шаралар оқушылардың білімін тереңдетіп, өмірлік сенімділік пен әрекетке дайындығын қалыптастырады, – деді ҚР «Қызыл жарты ай» қоғамы Павлодар облыстық филиалының директоры Гүлнар Исақанова.
Сонымен қатар, орталық алаңда қала тұрғындарына арналған медициналық кеңес беру пункттері ұйымдастырылып, терапевт, педиатр, эндокринолог, хирург сияқты мамандар тегін қабылдау жүргізді. Азаматтар өздерінің артериялық қысымын, қандағы қант деңгейін, бойы мен салмағын өлшеді.
Балаларға жедел жәрдем көлігінің құрал-жабдықтарымен танысу ерекше әсер қалдырды. Мамандар шұғыл шақырту кезіндегі нақты жағдайлар мен шешімдер туралы айтып, жас қатысушылардың қызығушылығын оятты.
Ділназ Серікбай
