Туған жерін көркейтуді мақсат еткен ақкөлдік азаматтар 24 мамырда тағы да ауылда бас қосты. Бұл күні Мейрам Асылғазин атындағы көше қоршауын орнату жұмысын біржола аяқтау көзделген еді. Бір күн бұрын Екібастұз қаласынан қажетті құрылыс материалдары жөнелтіліп, ауылдағы жас жігіттер кешқұрым профқаңылтырларды кесіп, әзірлеп қойған-ды. Ертеңінде қаладан жеткен жігіттер ауылдағы жерлестерімен тізе қоса қимылдап, жұмысқа кірісті.
Көшенің қос қапталының ұзындығы – 440 метр. Бүгінгі күні осыншама қоршауды орнату міндеті тұр. Содан соң келесі – Жандарбек ата көшесін қоршауға әзірлік жасалады. Ауқымды жұмысты атқару үшін қол күші керек. Осы орайда, біздің ауылдың қалада тұратын жас жігіттері уақыт тауып, ортақ іске қолғабыс тигізсе, жөн болар еді, – дейді Рүстем Шүкіров әңгімесінде.
Осы жолғы сенбілікте ауа райының қолайсыздығына қарамастан Дәулен Мақажанов, Жандос Жұмабаев, Нұрғанат Сарманов, Рахат Қасенов, Руслан Жұмашев, Жанат Казенов, Қуат Әбелдинов, Нұрдәулет Шахметов, Жақсыберген Мәукілов, Саят Арымбеков, Біржан Әбсаттаров, Ғалым Әділхановтар таңертеңнен кешке дейін бел жазбай еңбек етті. Оларға сол көшедегі үй иелері де көмектесті. Ал отаналары: Рима Асылбаева, Маржан Түймішева, Күлсінай Казенова, Шынбаршын мұғалім жігіттерге ас-су әзірлеп берді.
Айтпақшы, құрылыс материалдары Ақкөл орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер қосқан қаражат есебінен сатылып алынуда. Сонымен қатар, «Ақкөлім, кербезсің-ау Арқадағы…» концертінен түскен 500 мың теңге қаражат та профқаңылтырға жаратылды. Көше бойындағы үй тұрғындары да шама-шарықтарынша өз үлестерін қосқанын айта кету ләзім.
Жігіттер жұмыс істеп жатқанда Екібастұз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы – мерейтойға әзірлікті үйлестіруші Жасұлан Сәдуақасов, қалалық мәслихат депутаты Манат Алғамбаров, ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев, ұйымдастыру комитетінің мүшесі Сәкен Мақажановтар ауыл ішін аралап, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды пысықтады. Соның бірі – Ақкөл орта мектебін 2000 жылы бітірген түлектер орнататын Ту-тұғыр орны белгіленді. Ту-тұғырдың биіктігі 15 метр болады. Қасында 1985 жылғы түлектер күшімен далалық сахна бой түзегенін бұдан бұрын жазған едік.
Айтпақшы, бір күн бұрын, яғни, 23 мамырда Ақкөл орта мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтіпті. Мектеп бітіргеніне 40 жыл болған түлектер соған шақырылған екен. Қазақта қонақтар шақыруға құрқол бармайды емес пе, бұрынғы шәкірттер мектепке компьютер, шағын орталыққа кілем сыйлап, сынып жетекшісі Гүлбаршын Тәшімоваға сый-сияпат жасапты.
Жанат Жәкенов пен Нұрсұлу Алина біздің атымыздан тілек айтқан соң, мектеп ішін аралап, оқушы кезіміздегі қызықты сәттерді еске түсіріп, мәре-сәре болдық, – дейді Жомарт Ахмедьянов.
Тағы бір айта кететін жайт, 25 мамырда Қылдыкөлдегі «Исабек ишан» діни-тарихи кешенінде Шырықшы үйі мен қонақ үй арасындағы аумаққа қиматас төсеу қолға алынды. Бұл жұмысты Исабек ишан атындағы қайырымдылық қорының атқарушы директоры Манат Алғамбаров қаржыландырып отыр.
Сөз соңын ақын Есенқұл Жақыпбековтің өлеңімен аяқтайық:
«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
«Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен Қызыр таймасыншы деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі!
Ж.Жәлелұлы
