Соңғы қоңырау – әр адамның өміріндегі есте қаларлық ерекше сәт. Өзіне тән сәні, белгілі бір атрибуттары бар салтанат. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебіндегі Соңғы қоңырау да түлектердің дәстүрлі вальсі, 10-сыныптың үздік оқушысына символикалық білім алауын табыстау сияқты әдеттегі шаралармен өрбіді.
Мектеп ауласындағы Алаш ақыны Сұлтанмахмұт бюсті мұндайда жиынға өзгеше реңк беріп қана қоймай, жастарды жігерлендіре түсетіндей. Ескерткіш түбінен жүргізушілер Аққу Айдарханов пен Балнұр Сапарғалиеваның үндері саңқылдай шықты. Биыл түлектер мен олардың ата-аналарының қуанышын бөлісуге Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинмен бірге қоғам қайраткері, ақын Жұмағали Қоғабай мен кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Әлеев келген екен. Өз құттықтау сөзінде қала басшысы Аян Бейсекин:
– Екібастұз өңірінде 30 мыңнан астам бала бар. Біз сіздердің таланттарыңызды, оқу, ғылым және шығармашылық жолындағы жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы
№ 22 мектептің 640 оқушысы да осы қатарда. Сіздер оқу жылының барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, бізді қуанттыңыздар.
Бүгінгі соңғы қоңырау өңіріміздің 990 түлегі үшін алтын ұя – мектебімен қоштасып, ересек өмірге маңызды қадам басар сәт болып табылады.
№22 мектеп-гимназиясын 43 оқушы аяқтағалы тұр. Құрметті түлектер, сіздер балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Сіздерді алда жауапты кезең күтуде. Үлкен өмірге жасайтын қадамдарыңыздың алғашқы сынағы – емтихандардан сүрінбей өтіп, ойлаған жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспін! – дей келе, соңғы екі жылда облыс әкімінің қолдауымен № 22 гимназия-мектебінде акт және спорт залдары жөнделіп, электрмен жабдықтау жүйесі ауыстырылғанын тілге тиек етті.
Жиында 11-сынып оқушылары Ақлима Ерболатқызы мен Әмір Олжабай білім берген ұстаздарына алғыс жаудырса, ата-аналар атынан Қасен Байдәулетұлы ұядан ұшқалы тұрған өрендерге аталық ақ батасын берді. Мектеппен қоштасқалы тұрған оқушылардың әліппе танытқан ұстаздары: Зияда Әбдрахманова, Үндемес Бейсембаева, Гүлзия Әмренова, Жанар Әкішева және сынып жетекшілері Эльмира Айтуғанова мен Салтанат Нұржановаға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды.
2024-2025 оқу жылының соңғы қоңырауын соғу құрметіне қалалық олимпиада жүлдегері, үздік аттестаттан үміткер Аяулым Теміртасова мен оқу озаты, қалалық олимпиада жүлдегері Шыңғыс Зайкенов ие болды.
«Бәрі – сын, араласаң, өмір ауылын,
Бәрі – шын, қоштасарда қоңырау – мұң.
Мәнісін ұғасыңдар өткен күннің,
Дауысын естігенде қоңыраудың» деп ақын жырлағандай, осылайша тағы бір соңғы қоңырау кезекті түлектерге ақ жол тілеп сыңғыр етті…
Ж.ӘБДІКӘРІМ
