22 мамыр күні «Өнер» мәдениет сарайының үлкен залында мектеп бітіруші 800-ге жуық түлектің қатысуымен «Jastar Live» атты кездесу өтті. Білім беру бөлімі және жастар бастамаларын дамыту орталығы бұл шараны реалити-шоу стилінде, ерекше форматта ұйымдастырыпты.
Кештің тізгінін қаланың белсенді жастары – Бекарыс Абдулла мен Дамир Мүбараков ұстады. Олар көрерменмен еркін форматта тілдесіп, шараны заманауи стильде қызықты жүргізе білді. Шара барысында түлектерге арналған арнайы бейнероликтер көрсетілді. Оның ішінде мектеп қабырғасындағы қызықты сәттер, алғашқы қоңырау трендтері, ұстаздарға арналған жылы лебіздер, сондай-ақ, мотивациялық видеолардың пародиялық үлгілері көрерменнің көңілін көтеріп, залда шынайы эмоциялар тудырды.
Кештің құрметті қонағы – Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин түлектерге арналған құттықтау сөзінде алда үлкен мүмкіндіктер күтіп тұрғанын айтып, дұрыс таңдау жасауға, өз қабілетіне сенуге шақырды:
– Биік белестерді бағындыруда түрлі қиындықтар кездеседі. Соған қарамастан батыл қадамдар жасаудан қорықпаңыздар. Мамандық таңдау – өмірлік бағыттың бастауы. Бұл – сіздің болашағыңызды айқындайтын маңызды қадам. Қандай салада жүрсеңіз де, ең бастысы – өз жолдарыңызды жүрек қалауымен таңдаңыздар. Елге, халыққа адал қызмет ететін азамат болыңыздар, – деді қала әкімі.
Кездесу барысында қала әкімі залда отырған түлектерге түрлі қызықты сұрақтар қойып, белсенді әрі дұрыс жауап берген оқушыларға кітаптар сыйлады. Мұның өзі жастарды жігерлендіріп, олармен сұхбаттың емен-жарқын өрбуіне ықпал етті.
Сондай-ақ, сахна төрінен әр салада жетістікке жеткен, бүгінде жастарға үлгі болар азаматтар да өз ойларын бөлісті. Олардың қатарында жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан, Сүлеймен Демирел университетінің студенті Нұрай Кенжетай, жас кәсіпкер, блогер Қажымұрат Әбілтаев, поэзияны әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттап жүрген көркемсөз оқу шебері Асхат Амангелді және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы, ауылдық мектепте еңбек етіп жүрген ұстаз Берік Ешмұратов болды.
Олар өздерінің табысқа жету жолдарын, өмірлік ұстанымдарын, білімнің маңызын баса айтып, түлектерді жігерлендірді. Бұл ашық әңгіме жастардың болашаққа сеніммен қарауына, өз жолын айқындауына бағыт-бағдар болды.
Кездесу барысында мектеп бітіруші түлектер өз армандары мен алдағы жоспарлары туралы да ой бөлісті. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы, таңдаған мамандығы және өмірлік ұстанымдары жайында пікір білдіріп, ойларын ашық жеткізді.
– Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі іс-шаралар мен олимпиадаларға белсене қатысуға тырыстым. Бұл маған тәжірибе жинап, болашағым үшін маңызды қадамдар жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі өткен «Jastar Live» кеші бізге ерекше шабыт сыйлады. Алдымызда тұрған үлкен сынақ – ҰБТ-ға байланысты мазасыз ойлар мен стресті біраз уақытқа ұмыттырып, көңілімізді серпілтті. Осындай сәттер алға ұмтылуға ынталандырады, – дейді №18 мектептің түлегі Енлік Сағадат.
Кездесу соңында қалалық жайдарман ойындарының «Жайылма» құрамасы өнер көрсетіп, кештің көркін қыздыра түсті.
«Jastar Live» жобасы дәстүрлі жиындардан ерекшеленіп, заманауи форматтағы жастар алаңы ретінде есте қалды. Мұндай шаралар жас буынның қоғамға бейімделуіне, өз болашағына сенімділікпен қарауына серпін берері сөзсіз.
Ділназ Серікбай
