Дала түрленіп, ауа райы түзелгелі ақкөлдіктер туған ауылының 90 жылдық тойына әзірлікке қызу кірісіп кетті. Тойды ұйымдастыру комитеті отырыстарында келісілгендей, ендігі уақытта әр сенбі-жексенбі сайын ауылда сенбіліктер өткізілмекші. Соның алғашқысы 17-18 мамыр күндері болды.
Елді мекенді абаттандыру – ауқымды жұмыс. Ауылға кіреберіс көше – ақкөлдік тұңғыш жазушы Мейрам Асылғазин көшесі. Рүстем Шүкіров пен Мейірман Сағынтаев бастаған жігіттер екі күн бойы жұмыла еңбектеніп, осы көшенің қос қапталын біркелкі етіп қоршау үшін шұңқырлар қазып, түбін бетондап қадалар орнатты. Жұмысқа қажетті құрылыс материалдары Екібастұз қаласынан жеткізілді. Осы орайда айта кету ләзім, Ақкөл орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер сынып-сынып болып абаттандыру қорына 50 мың теңгеден қаражат аударып жатыр. Сонымен қатар, қорға қаражат қосып жатқан жекелеген азаматтар да бар.
Ал сенбілік барысын ары қарай баяндасақ, қаладан келген жігіттерге ауылдағы жігіттер қосылып, Сәкен Мақажанов, Ерғанат Қадыров, Саят Арымбеков, Дәурен Жандарбеков техникамен қамтамасыз етті. Осылайша, екі күнде жалпы қашықтығы 500 метр қоршау орнатуға әзірлік жасалды. Енді алдағы сенбі-жексенбіде бұл жұмыс аяқталады. Одан соң жұмыс әулие Жандарбек ата көшесінде жалғасын табады.
Сенбілік кезінде бұған қоса тағы бірқатар игі іс қолға алынды. Атап айтқанда, 1979 жылы өмірге келген жігіттер өздерінің қолы қысқа кластасы үйінің ескі шатырын бұзып тастап, жаңа қаңылтыр шатыр орнатып берді. «Жақсылық жасасаң, сыпыра қыл» демекші, енді сол үйдің шарбағын жаңалау жұмысы күтіп тұр.
Ал 1985 жылғы түлектер ауылға далалық сахна орнатып беруді ұйғарғанды. Осы жолғы сенбілікте клуб қасында далалық сахна әзірленді. Алдағы уақытта сахна ауылға сән беріп, той күні думанды орынға айналмақшы.
Ер азаматтар тер төгіп жатқанда, әйелдер жағы ас-су әзірлеп, бауырмалдық танытты. Бауырсақ таратып, ыстық ас дайындаған Шынбаршын Қайырбаева, Күләш Нұрғалиева, Римма Асылбаева, Маржан Түймішеваларға сенбілікке қатысушылар дән риза. Айтпақшы, келесі сенбілікте ас-су әзірлеуді ауылдағы дәрігерлік амбулатория ұжымы өз мойнына алыпты.
Жалпы, кез келген шаруаға бас-көз болатын азаматтар қажет. Осы орайда, ұйымдастыру комитеті мүшелері Дүйсенбек Оспанов, Жасұлан Сәдуақасов, Сәкен Мақажанов, Дәурен Жандарбеков, Жомарт Ахмедьянов, ауыл әкімдігінің қызметкері Жақсылық Естаев және тағы басқалары әркез белсенділік танытып жүр.
Жасы ұлғайып, қария болған азаматтар да қарап жатқан жоқ. Ортақ шаруаға ақыл-кеңестерін айтып, қорға қаражат аударып жатыр. Ақкөл орта мектебін сонау 1967 жылы бітірген он азамат: Ербол Әндіржанов, Әбілқақ Түгелбаев, Жұқа Тәшімов, Жұмағали Қоғабаев, Мұхит Омаров, Қанат Жандарбеков, Әбілда Шілдебаев, Валерий Ермоленко, Болат Спатаев және Қайкен Мұқанов 500 мың теңге жинап беріп, үлгі көрсетті. Ақкөл ауылының өзге тумалары да тойға өз үлесін қосады деген сенімдеміз.
Ж.Бұланбай
