Елімізде күн сайын төрт бала түрлі жағдайда жарақат алуда. Бірі – жол апатынан, енді бірі тұрмыстық жағдайда зәбір көреді. Кейбірі терезеден құлап, ауыр жарақат алса, тіпті қайғылы жағдаймен аяқталатын оқиғалар да бар. Бұл туралы Екібастұз қаласына арнайы іссапармен келген Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шакенева Кәмелетке толмағандар ісі және балалар құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысында мәлімдеді.
Комиссияның бұл жолғы отырысында бес дербес іс қаралды. Оның екеуі – бұған дейін де бірнеше рет балаларына қолайлы өмір сүру жағдайын жасамағаны үшін есепке алынған отбасылар. Бұл жолы да олар ішімдікке сылқия тойып, комиссия алдына полицияның ертіп келуімен жеткен. Тұрмысы түзелмеген, мінез-құлқы өзгермеген бұл азаматтар ата-аналық құқықтан сот арқылы айыру жөніндегі шешімге бірден ілікті.
Жаз маусымы басталса, балалардың терезеден құлау фактілері жиілейтіні жасырын емес. Жақында Екібастұзда үш жасар бала көпқабатты үйдің екінші қабатынан құлап кетті. Бағына қарай, миы шайқалса да, сүйектері сынбаған, ішкі ағзалары зақымданбаған. Оқиға кезінде үйде әжесі мен нағашысы болған. Алайда олар баланың терезе алдындағы табаншада отырғанына назар аудармаған. Бала құлап, шыр еткенде ғана мән берген сыңайлы.
«Анасы қайда?» дерсіздер… Баланың анасы бұл кезде қалада да болмаған. Балдырған күнде қатынап жүрген балабақша осы жағдайдан кейін сәбидің тұрып жатқан пәтеріндегі терезелерге арнайы қауіпсіздік блокираторларын орнатып берген. Сонымен қатар, елордаға кетіп қалған әйелдің ісін комиссия қарауына ұсынып, шара қолдануды сұраған.
Комиссия отырысында келіншекке:
– Кәмелетке толмаған балаңызды мұнда қалдырып, өзіңіз Астанада не істеп жүрсіз? – деген сауал қойылды. 43 жастағы әйел өзін жалғызбасты анамын деп таныстырып, Астанада дүкенде жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, баласының неврологиялық дерті бар, дәрі-дәрмек қымбат, ал Екібастұзда жалақы аз. Сол себепті анасына сенімхат жазып, баласын уақытша сол кісінің қарауына қалдырған.
Алайда комиссия мүшелері бұл әрекеттің заң бұзушылық екенін түсіндірді. Себебі баланың дамуы кешеуілдеп, денсаулығында кінәрат болса, оны қараусыз қалдыруға болмайды. Әу баста өз әрекетін қорғап баққан әйел әңгіме барысында қателігін түсініп, енді баласының жанында болатынына уәде берді. Соған қарамастан комиссия ювеналды полицияға бұл әйелді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы, 1-тармағы («Кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамау») бойынша жауапкершілікке тартуды ұсынды. Нақты шешімді сот қабылдайды.
Комиссия отырысында назар аударарлық тағы бір мәселе көтерілді: баланың туған әжесі болса да, ол заңды өкіл ретінде саналмайды. Сенімхат та бұл жағдайда жеткіліксіз. Себебі сенімхат – ата-ананың өз атынан басқа адамға баланы уақытша белгілі бір жағдай үшін ертіп жүру құқығын беретін құжат қана. Ол тәрбиелеу мен толыққанды қарауға құқық бермейді.
Қызығы, баланың анасы Астанада жүргенін білген балабақша басшылығы «сенімхат бар» деп, мәселені назардан тыс қалдырған. Осы жағдай – сенімхат төңірегіндегі түсініспеушіліктердің көптеп кездесетініне дәлел. Сондықтан мұндай «сенімсіз сенімхаттар» жайында ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет-ақ.
А.Зайыргелді