Мамырдың 20-сы күні қала әкімдігінде кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиында Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова биылғы оқу жылының аяқталуы және оқушылардың жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру жайында баяндады.
Оның айтуынша, биыл жазда демалыс және сауықтыру шараларымен өңірдегі барлық оқушыны толық қамту жоспарланған. Мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары базасында 40 мектеп жанындағы лагерь және 44 бейінді алаң жұмыс істейді. Сонымен қатар, жазда еңбек жасақтары құрылып, 600 оқушы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тартылмақ. Осы орайда қала әкімі Аян Бейсекин жазғы лагерьлер мен демалыс орындарының дайындығына ерекше назар аударып, жөндеу жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде орындалуын жауапты тұлғаларға қадап тапсырды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – халықты жұмыспен қамту. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева баяндап, аталған шаралардың «Халықты жұмыспен қамту жөніндегі өңірлік карта» аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті. 2025 жылы 4841 адамды жұмыспен қамту көзделсе, бүгінде оның 1221-і жұмысқа орналасқан (жоспардың 25%). Соның ішінде 673 адам тұрақты жұмысқа кірісіпті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Әр 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» бастамасына сәйкес, Екібастұзда 2025 жылға дейін 1760 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін 169 жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш әлеуметтік және зейнетақы төлемдері жүргізілген жұмыс орындары ғана есепке алынғандықтан төмен болып отыр. Осыған орай, бөлім мамандары жеке кәсіпкерлермен байланыс орнатып, еңбек заңнамасы талаптарын сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Жұмыспен қамтуға ұлттық жобалардың да пайдасы тиіп отыр. Сөйтіп, 548 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 42-сі инфрақұрылымдық жобаларға, 506-сы субсидияланатын жұмыс орындарына тартылған.
Кәсіпкерлікті қолдау да назардан тыс қалмаған. Әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне арналған жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында 400 АЕК көлемінде 60 грант беру жоспарланған. Аталған қолдау тетігіне құжаттарды қабылдау 21 мамырда басталды.
Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында халықты көшіру және қоныстандыру жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша биыл 257 қоныстанушы мен 163 қандасты қабылдау көзделген. Бүгінгі күнге дейін қалаға 114 қандас көшіп келді. Зейнеп Опабекқызының айтуынша, техникалық себептерге байланысты ақпараттық жүйеде белгілі бір кідірістер болғанымен, қазіргі таңда өтінімдер қабылданып жатыр. Бүгінде 32 адамға қатысты 13 өтінім түскен. Оның ішінде 13 адам (3 отбасы) өңірлік квотаға енгізілген болса, қалған 19 адамның құжаттары қарастырылуда.
Ділназ СЕРІКБАЙ