«Ер жігіттің қадірін
Ағайын емес, жат білер»
Халық даналығы
Заман өзгеріп, қоғам жаңарып, буын алмасып жатса да, тарих кешегі өткендерді анда-санда ойыңа салып, есіңе түсіріп тұрады… Себебі сол дәуірдің жер үстінде, адам санасында ізі қалды емес пе?!
Екібастұз өңірінің жылнамасы да, Екібастұз ауданы тарихын тасқа таңбалай түгендемесек, толық болмайды. Өйткені кешегі өткен жылдар, сол уақыт арасында атқарылған ауқымды істер, сол шаруалардың басы-қасында болған кейіпкерлер – бүгінгі тарих бетінде қалған азаматтар. Сондай алдыңғы толқын ағаларымыздың бірі де бірегейі – Қайрат Хамитұлы Смағұлов туралы ойымды қағаз бетіне түсірудің реті келіп тұр.
1972 жылдың 10 наурызында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының №607-8 Жарлығына сәйкес, Павлодар облысы аумағында Екібастұз ауданы құрылып, орталығы Екібастұз қаласы болып белгіленді.
Жаңа аудан құрамына Екібастұз, Ақкөл, Өлеңті, Қарасу, Комсомол, Степной, Сарықамыс, ХХІІ партсъезд атындағы, Бәйет шаруашылықтары, сонымен қатар, 12 поселкелік және ауылдық советтер енді.
Әрине, жаңа аудандық әкімшілік бекерден-бекер құрылмайды. Басты мақсат Екібастұз отын-энергетика кешені еңбеккерлерін, турасын айтқанда, қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті еді.
Жаңа ауданның басшылығына Владимир Иванович Печняков, Әлжан Орымбайұлы Орымбаев, Қайрат Хамитұлы Смағұлов келді. Әр салаға жетекшілік еткен азаматтар қатарындағы Совет Әбуғожинов, Ғаббас Құрмашев, Николай Штанько, Хабиболла Абеильдинов, Күлғазира Жанғазинова, Шыңғыс Жиенбеков, Егінбай Самарханов, Ғисамиден Айтжанов, Қасен Жұмаділденов, Қабиден Нумушев, Төкен Ақылшинов, т.б. алғашқы келген басшылық қызметтегі мамандар болатын. Совет Әбуғожинов ақсақалдан басқасы бүгінде өмірден өткен, жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын дейміз.
Осы мақаланың басты кейіпкері – марқұм Қайрат Хамитұлы аудан құрылғаннан (1972-1997 жж.) қалаға қосылғанға шейін, бірінші күннен соңғы күніне дейін адал еңбегімен, жас буыннан шыққан кадрларға деген қамқорлығымен, ашықтығымен, ерен азаматтық, адамгершілік ұстанымымен есте қалды десем, артық айтқандық емес.
1972-1980 жылдар аралығында Қайрат Хамитұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік етіп, кейін 1980-1989 жылдары аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы болып сайланды. Ауданның ішкі ұйымдастыру партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарының жұмыстарына басшылық жасап, үйлестірумен қатар, ішкі істер бөлімі, көлік және құрылыс салаларының жұмысына жауапты болу осы екінші хатшының құзырында болатын.
1990-1997 жылдары Қ.Смағұлов ауданның халықтық бақылау комитетінің төрағасы, мәслихат хатшысы қызметтерінде болды. Бір сөзбен айтқанда, 25 жыл ат үстінде жүрген ағаларымыздың бірі еді…
Сөз болып отырған ширек ғасыр ішінде аудан халқының әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде айтарлықтай іс тындырылды. Атап айтқанда, әр кеңшарда заманауи үлгідегі мәдениет үйі, мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен дәрігерлік амбулатория нысандары салынды. Бірқатар елді мекенде ауызсу құбыры жүргізіліп, үйлерге жылу орталық қазандықтан берілді. Он мыңдаған шаршы метр жаңа тұрғын үй бой көтерді. Әр ферма, бөлімшелерде контор, бастауыш мектеп, дәрігерлік-фельдшерлік пункт, клуб, монша, малшылар үйі жұмыс істеп тұрды. Сонымен қатар, Екібастұз қаласынан «Сарықамыс», «Қарасу» совхоздарының орталықтарына, әр шаруашылық бөлімшелеріне қатынайтын қатқыл табанды жол салынып, оның игілігін өңір халқы әлі көріп келеді.
Екібастұз қаласы мен Екібастұз ауданы еншілес болды десек, қателеспейміз. Ауданның өрге басуына өндірістік қала көп септігін тигізді. Аудан мен қала билігі, совхоз директорлары мен қала кәсіпорындарының басшылары тіл табысып, ортақ мүдде жолында тізе қоса өңір игілігі үшін әрекет етті.
Қайрат Хамитұлы сол кездегі қала билігі мен өнеркәсіп – көмір, энергетика, құрылыс кәсіпорындары басшыларымен тікелей қарым-қатынаста болып, жолдастық-әріптестік деңгейде сыйласа біліп, қаланың алуан күшін аудан ауылдарына бағыттай білгендігі азаматтың адамгершілік қасиеті, өзгені сыйлай отырып өзін де сыйлата білгендігі дер едім. Әрине, бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып, ұйымдастыруда ауданның партия комитетінің, атқару комитетінің бөлім басшыларының күнделікті бақылауында ұстауы әдеттегі жайт болды.
Аудан тарихын таразыласақ, Қайрат Хамитұлы Смағұловтың 25 жыл ішінде қызметтері бір болғанмен мінез-құлқы әр түрлі басшылармен тіл табысып, иық тірестіріп жүруі екінің бірінің қолынан келмейтін қасиет екенін ұғынамыз.
1972-1976 жж. – В.И.Печняков, Ә.Орымбаев; 1976-1978 жж. – А.Қ.Құсайынов; 1978-1988 жж. – О.Қ.Қожанов; 1976-1997 жж. – А.Е.Белых; 1989-1992 жж. – Ғ.Ж.Зайкенов; 1992-1993 жж. – С.Қ.Байболатов; 1993-1995 жж. – Ә.Ж.Жұмашев; 1996-1997 жж. – О.К.Аралов.
Қарап отырсаңыз, 25 жыл ішінде 7-8 басшымен үзеңгілес болып қызмет істеп, ат үстінде қалу бойдағы үлкен адамгершілікпен қатар шыдамдылық, төзім мен сабырлылықты ұстанған адамда болатынын айқын сезінеміз.
Қайрат Хамитұлы Екібастұз қаласының және Павлодар облысының Құрметті азаматы атағына өте лайық жан еді. Өңіріміздің «Отан» – «Нұр Отан» партиясының алғашқы төрағасы болды. Кейін 10 жыл қатарынан Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында ректордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымын үлкен жауапкершілікпен, абыроймен атқарды. «Талантты адам жан-жақты, әр уақытта талантты» деген ұғым бар. Отырыстарда, жұмыс сапарымен ауылдарға шыққанда ән салатыны бар еді. Бір сөзбен айтсақ, ақылы кемел, достыққа берік, өте қарапайым, қайырымды, үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлай білген жан. Қайрат ағаның жары Қания апай ақылға бай, мәдениетті, ердің бағасы мен қадірін білетін әйел деп көпшіліктен естіп, өзіміз де бертін көзімізбен көріп, куә болдық.
М.Ерғалиев,
әріптесі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы