Араға екі-үш жыл салып «Өнер барысы» турнирі Екібастұзға қайта оралды. Әу баста осы тамаша жобаны қолға алған өнерпаз жігіт Арман Рай биылғы жарысты ұйымдастыруға осыдан бірнеше ай бұрын кірісіп, турнир аясын кеңейтуді мақсат етіпті. Сөйтіп ол өз мақсатына жетіп, жарыс аймақтық дәрежеге көтеріліп, 15 мамыр күні «Жасыбай» спорт сарайында жалауын желбіретті.
Негізі, өнерпаз жігіттердің арасында да спортпен шұғылданушылар көп. Соның ішінде жас кезінде күреспен айналысқандар да жетерлік. Бір сәтке микрофонды ұмытып, үстеріне қазақ күресінің күртешесін киген өнерпаз палуандар белдесулерін тамашалауға жиналған қауым спорт сарайында мерекедегідей күй кешті. Солай болуы үшін жоба авторы – Арман Рай, оған қолдау көрсеткен «Атамұра» мәдениет орталығының қыз-жігіттері әбден тырысыпты. Күрес залының екі бұрышына киіз үйлер тігіліп, мәртебелі қонақтар үшін жартылай киіз үй іспеттес жайлы орын әзірленіп, ішіне ер жігіттің бес қаруы ілініпті. Ұйымдастырушылар жарысқа қатысушыларды жарнамалау жағын да ұмыт қалдырмаған. LED экраннан әр палуанның фотосуреті, аты-жөні, лақап аты жарыс бойы көрсетіліп отырды.
Мінекей, турнирдің салтанатты ашылу рәсімі де келіп жетті. «Ару-шоу» балетінің биші қыздары бұралып би билеп, «Жайқоңыр» ансамблі Құрманғазының «Адай» күйін ойнады. Қазақы шапан киген, жарысқа қатысуға тілек білдірген 48 палуан ортаға шығып, аққудың көгілдіріндей екі қыз жеңімпаздарға берілетін белдіктерді көрерменге көрсетіп көзайым етті. Еліміздің Әнұраны айтылып, қала әкімі Аян Бейсекин, Екібастұз қалалық қазақ күресі федерациясының төрағасы Орынбасар Әлеев құттықтау сөз сөйлеп, палуандарға сәттілік тіледі.
Бір сәт жұрт назары Алматыдан арнайы шақырылған әнші жігіт – Қазыбек Әдікейге ауды.
Аттамаған аталардың сөзінен,
Қарап қалса от шашатын көзінен.
Жер бетінде қазақ деген бір ел бар,
Туылғандай көкбөрінің өзінен, – деп от шашқан көзі жарқ-жұрқ еткен жарыққа шағылысқан Қазыбек «Келе жатыр қазақтар» әнін шырқап, палуандардың қанын қыздырды.
Бұдан соң әнші «Қазақтың барыстары», «Абадан» әндерін орындап, тыңдаушылар қошеметіне бөленді.
Ардагер палуан Өміртай Шәріпжанов қазақ дәстүрімен өнерпаз палуандарға ақ батасын берген соң жарыс басталып кетті.
Палуандар 74, 82 және одан жоғары салмақ дәрежелерінде шеберлік байқасты. Әр салмақта кемінде 15 палуаннан болды. Жеңілгені жеңгеніне жол бере отыра, 74 кило салмақтың ақтық белдесуіне екібастұздық Елназ Жанбек пен ақсулық Асылхан Балтабай шықты. Елназ қарсыласын таза ұтып, «Өнер сұңқары» атанды. Үшінші орын павлодарлық Жанболат Байсолтанға бұйырды.
82 килоға дейінгі салмақта финалда Шідерті кентінен Асқар Хасенов пен Екібастұз қаласынан Тілеген Біләл белдесті. Бұл белдесуде Тілеген ұтып, «Өнер арланы» атанды. Ол – Естай атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы, дәстүрлі әнші. Үшінші орынды Павлодар облысы Мойылды ауылының палуаны Ғұмырұзақ Сұраған иеленді.
Түйе палуандар күресіне 18 палуан қатысты. Қорамсадан жебе суыру арқылы жеребе тартылған соң палуандар екі топқа бөлінді. Топтағы белдесулер тартысты өтіп, төрт палуан жартылай финалға шықты. Бірінші жартылай финалда баянауылдық Ризабек Әли бір минутта ақтоғайлық Хакім Жылқыбайдың жауырынын кілемге тигізді. Екінші жартылай финалда павлодарлық Бауыржан Тұрғынов екібастұздық Әл-Фараби Батқұлденді таза ұтты.
Үшінші орын үшін белдесу болған жоқ. Әл-Фараби алдыңғы белдесуде жарақат алғандықтан, кілемге шыға алмады. Сөйтіп төреші Хакім Жылқыбайдың қолын көтерді.
Финалдық белдесуде Ризабек пен Бауыржан ұзақ ырғасты. Дегенмен оңтайлы сәтте қапы қалмаған Ризабек қарсыласын ұтып кетті. Осылайша, ол «Өнер барысы» атанды. Баянауылдық Ризабек Әли – театр актері, былтыр республикалық турнирде «Театр барысы» болған екен.
Жанкүйер қауымның делебесін қоздырған «Өнер барысы» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар, дипломдар мен қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, түйе палуан Ризабек Әлиге қалалық қазақ күресі федерациясының төрағасы, меценат Орынбасар Әлеев бір тай атады.
Әрине, кез келген турнирді жарқыратып ұйымдастыру үшін едәуір қаржы қажет. Осы орайда, демеушілер туралы айта кету ләзім. Олар: «Шаңырақ», «Думан», «Айзат», «Махаббат респект», «Тұран», «Томирис», «Тамаша» мейрамханалары, «MAXI MALL» сауда-сауық орталығы, «Zebra coffee» кофеханасы және кәсіпкер Ерқанат Ахметов.
Турнирдің қала әкімі, қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өткенін де айта кету орынды.
Енді тоқсан ауыз сөзді түйіндей айтқанда, Арман Райдың «Өнер барысы» жобасы өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Турнирдің дәмін сезінген өнерпаз палуандар да, жанкүйер қауым да жарысты жыл сайын күтетін болады.
Ж.Сәдуақас
