Кейде қыз болып тусадағы он жігітке татитын, тұтас елдің қамын жейтін өжет қыздар болады. Кесек ісімен, сөзімен дүйім жұрттың назарын аударып, туған жері – Баянауылдың көркем табиғатын жырлап қана қоймай, тарихта таңбаланған батырларының есімін жаңғыртуды ұйғарған ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, қалалық «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова – сондай адам. Оны күні кеше жарық көрген, сиясы кеппеген «Баянның батыр ұлдары» атты кітабы дәлелдегендей. Кітап авторы екінші дүниежүзілік соғыста отан қорғаған қаһармандардың есімін есте қалдыруды мақсат тұтып, әр шаңыраққа естелік етіп ұсынды.
Жаңа кітаптың тұсаукесері «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өтті. «QALAM TALKS», яғни, «Қалам сөйлегенде» деп аталатын кеш әдеттегі лента кесу тәртібінде емес, мүлде ерекше өтті. Осы тұста дарынды режиссер Әмина Қалдыбаеваның қолтаңбасы сезілді. «Айқара» порталының редакторы, қаламгер Асыл Әбіш айтпақшы, «қыздың жиған жүгіндей» шығармашылық кештегі жаңашылдықты көрермен де ықыласпен қабыл алды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерлік шежіресінің тұсаукесерінде сахнаға кітап авторы Жанаргүл Қадырова шақырылып, ақ пейілді әжелер шашу шашты. Бұдан соң Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев, Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын Садық Сапабековтің келіні, майдангер Қаби Кәлиұлының қызы Клара Садықова, 1945 жылы 9 мамырда Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан Сейфолла Күмісбековтің шөбересі, Ақсу қаласы Абай атындағы №2 мектебінің 4-сынып оқушысы Ералы Сейтқали ортаға шығып, төрдегі нән кітаптың қақпасын арнайы кілтпен бұрап ашты.
Ішкі саясат бөлімі басшысы Рауан Қайыпханұлы Ж.Қадыроваға шаһар басшысы Аян Бейсекиннің ыстық ықыласын жеткізіп, құттықтау хатын оқыды және ақынның анасы Раушан Түсіпбайқызына гүл шоғын табыс етті. Клара Садықова ізгі тілектерін өлеңмен дестеледі.
Келесі сәтте авторға «Сұрақтар капсуласы» ұсынылып, Жанаргүл Әбдікәрімқызы капсуладан шыққан «Кітап қандай түстегі эмоцияны білдіреді?», «Бұл кітап дыбыс болса, қандай әуен төгілер еді?», «Кітап кейіпкерлерінің бірінің орнына өзіңізді қойсаңыз не өзгерер еді?» деген сұрақтарға жауап берді.
– Мен өзімді қанды шайқастарда 100 немісті жайратқан журналист Ақмұқан Сыздықбековтің орнына қойғым келеді, – деген Ж.Қадыроваға көрермен қолпаштай қол соқты.
Енді кітап туралы аз-кем айта кетсек. «Баянның батыр ұлдары» кітабы «Күркелі сарбаздары», «Ақбеттау қырандары», «Жәдігер», «Бейбіт заман шаһидтері» секілді бөлімдерден тұрады. Есімі кітапқа енген кейіпкерлердің бүгінгі ұрпақтары Екібастұз шаһарында ғұмыр кешіп, еңбек етуде. Кітапқа ақын Жанаргүл Қадырованың өлеңдерімен қатар ондағы хикаялар кейіпкерлері – майдангерлердің де өлеңдері енгізілген. Отты жылдарда жазылған жыр жолдарын мектеп оқушылары мәнерлеп оқып шықты.
Келесі сәтте экраннан бейнеқұттықтаулар легі төгілді. Бұдан әрі майдангер ұстаз Рахметолла Үрпековтің ұрпағы – педагогика саласының ардагері Раушан Рахметуллина, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Екібастұз қалалық филиалының төрағасы Гүлбаршын Сейітова, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбіш, майдангер Қамкен Жәнбековтің немересі – Екібастұз жастар мәслихатының депутаты Самал Мұхамеджанова авторға деген жылы лебізін жолдаса, соғыс ардагері Садық Сапабековтің шөбересі Айзере Нұрлыбек атасының өлеңін оқып берді. Бүгінгі кештің ерекшелігі де сол – кітапқа енген майдангерлердің ұрпақтары залдың төрінен табылды.
Кеш барысында «Очарование» үлгілі-хореографиялық ансамблі (жетекшісі – Марина Завьялова) «Журавли» әуенінің ырғағымен композиция ұсынып, «Серпантин» спорттық би клубы (жетекшісі – Алена Смирнова) «Майский вальс» биін орындады.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ
