Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес меншік нысанына және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан барлық орта білім беру ұйымдарында сабақ 25 мамырда аяқталады. 25 мамыр демалыс күні болғандықтан, Екібастұз өңірінің оқушылары үшін соңғы қоңырау 23 мамырда өтеді. Осы және басқа да жаңалықтар туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Жазира Хамзабаева хабарлады.
66 оқушы – «Алтын белгіден» үміткер
2024-2025 оқу жылында өңірдегі 42 мектепте 22 964 оқушы оқып жатыр. 42 мектептің екеуі – жекеменшік. Мектептердің 3-уі – таза орыс тілінде, 16-сы – мемлекеттік тілде білім берсе, 23 мектеп аралас тілде оқытады. Қалада – 26, ауылдарда 16 мектеп жұмыс істеп тұр, – деді бұл туралы білім бөлімі басшысының орынбасары Ж.Хамзабаева.
Ағымдағы жылы орта мектепті 990 оқушы тәмамдайды. Оның ішінде 66 оқушы – «Алтын белгіден» үміткер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. 2024 жылдың қорытындысында «Алтын белгіге» 21 оқушы ұсынылған еді. «Үздік аттестат» үміткерлерінің саны биыл – 53.
Негізгі жалпы білім беру мекемелерін 2345 түлек бітірсе, олардың 131-і үздік аттестаттан үмітті.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, бастауыш, 5-8, 10-сынып оқушылары 26-31 мамыр аралығында қазақ тілі пәнінен емтихан тапсырады.
9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр – 10 маусым аралығында, ал 11 (12) сынып оқушылары үшін 30 мамыр – 16 маусым аралығында өтеді. Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру 18-22 маусым аралығында жүргізіледі.
Биыл өңірдегі 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтсақ, жөндеу жұмыстары №№ 9, 13, 14, 16, 17 мектептерде жүреді. Бұл мектептің оқушылары үшін қорытынды емтихандар мен аттестатты тапсыру салтанаты жақын маңдағы мектептерде өткізіледі.
Бос уақытты тиімді ұйымдастыру маңызды
Жазғы маусымда балалардың бос уақытын тиімді қамту жыл сайынғы өзекті мәселелердің бірі деуге болады. Демалыс мауысымының ашылуына орай 1 маусымда ауқымды шара өтеді деп күтілуде.
Биыл да демалыстың, сауықтырудың, жұмыспен қамтудың барлық түріне 21 621-ден аса оқушыны, яғни, жүз пайыз тарту жоспарланып отыр. Осы орайда мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары базасында 10 мыңға жуық оқушыны қамтитын мектеп жанындағы 40 лагерь жұмыс істейді (17-сі түскі ұйқымен). Бұған қоса 44 бейінді алаңда 13 мыңдай оқушының уақыты сапалы ұйымдастырылады.
Мектеп жанындағы лагерь үш маусымға жоспарланып отыр. Жолдама құны 17 010 теңге деп белгіленген. Бірінші маусымда мектеп жанындағы лагерьлерде – 11 мыңнан аса оқушы, екінші маусымда – 8 жарым мың оқушы, үшінші маусымда 2 мыңнан аса бала демалады.
Лагерь ақылы болғанымен, әлеуметтік қорғалмаған санаттағы отбасылардың жағдайы ескерілгенін айта кету керек. Осы мақсатта жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен 378,8 млн теңгеге 1980 баланың жазғы демалысы, тамақтануы ұйымдастырылады. Тағы 51 миллион теңгеге 430 жолдама сатып алу көзделіп отыр.
Қаламызда ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар саны – 1343. Олар үшін биыл ашылған «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында сауықтыру алаңы жұмыс істейді, сондай-ақ, №6 мектепте арнайы мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылады.
Жазғы мезгілде мектепішілік есепте тұрған тәртібі қиын жасөспірімдермен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінген. Оларды жұмыспен қамтуға да баса назар аударылады. 2024 жылы мұндай оқушылар саны 100 болса, биылғы жылы бұл санаттағылар екі есеге жуық артып, 189-ға жетіп отыр. Олардың 21-і кәмелетке толмағандар ісі бойынша есепте тұр. 53 оқушы мектепішілік бақылауға алынған. Ал 115 оқушы қолайсыз жағдайдағы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр.
Жас келсе – іске
Бос уақытты тиімді өткізудің тағы бір жолы – оқушыларды жұмыспен қамту. Жазда 14 жасқа толған оқушылардан еңбек жасақтары құрылып, абаттандыру және көгалдандыру бригадалары жасақталады. Кәсіпорындар балаларға жұмыс істеп, қаражат табуға мүмкіндік береді. Осы жылы еңбек жасағына 600 оқушы тартылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы өңір мектептерінде 14 жасқа толған 7719 оқушы білім алады екен. Бюджеттен тыс қаражат есебінен жекеменшік кәсіпорындарда жоғары сынып оқушыларын жұмыспен қамту былтыр қарқынды қолға алынған болатын. 2024 жылы мұндай жұмысқа 3000 оқушы тартылды. Биыл бұл межеден асып, 260 кәсіпорын 4000 оқушыға жұмыс тауып бермекші.
«Жолдама сыйла!»
Жылдағыдай «Жолдама сыйла!» жобасы жалғасын табады. Биыл жоба аясында 100 оқушыға жолдама алу көзделген. «Отбасымен демалыс» жобасы да қолдау табады деп күтілуде. Бәрі ойдағыдай болса, демеушілер биыл да 5 отбасының демалыс ақысын төлеп береді.
«Жазғы жолдама-2025» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің 53 оқушысына лагерьге жолдама сатып алып береді. Оқушылар оқу үздіктері, түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарынан іріктеледі.
Жоғарыда аталғандардан басқа 3 мыңнан аса оқушы түрлі саяхаттарға тартылады.
Сөз арасында бөлім басшысының орынбасары бір кәсіпкердің 100 жолдама сатып алып беру ниеті бар екенін айтты. Жомарт кәсіпкердің кім екені жолдамалар сатып алынған соң жарияланады.
Қауіпсіздік – басты мәселе
– Мамыр айынан бастап «Қауіпсіз терезе» акциясы басталды. Осыған орай мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналармен жиналыс өткізіліп, биік үйлерде тұратын ата-аналарға балақайлардың қауіпсіздігі үшін терезеге құлып орнату керектігі түсіндірілді, – дейді Жазира Амангелдіқызы.
Айта кетсек, Екібастұз өңірінде мектеп жасына дейінгі 9512 бүлдіршін тұрады. Олардың 7287-сі балабақшаға барады. 4756 балақай биік үйде тұрады. Соның ішінде 3398-інің пәтерінде блокиратор орнатылыпты. Бөлім басшысының орынбасары Ж.Хамзабаева ағымдағы айда 500 блокиратор сатып алынып, әлі қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған пәтерлерге орнатылғанын айтты. Мұндай мүмкіндіктер алдағы уақытта демеушілер есебінен тағы қарастырылады.
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын мектеп оқушыларымен, олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай іс-шараларға ТЖ басқармасы мамандары мен полицейлер қатыстырылады. Жаз бойы білім бөлімі, полиция басқармасы, ТЖ мамандары су айдындары мен түнгі қаланы аралап, рейд ұйымдастырады. Биыл күн ерте жылынуына байланысты су айдындарына рейд жасау мамыр айының ортасында басталып кетті.
Қауіпсіздік туралы әңгіме қозғалғанда кейінгі уақытта тым көбейіп кеткен мопед пен скутер жайын қозғамасқа болмайды. Былтыр қалада мопед басқару кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған оқушы қайғылы жағдайға ұшыраған еді. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында жалпықалалық ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, жолдағы қауіпсіздік мәселесі қозғалды.