Соңғы бірнеше жылда облыс әкімінің қолдауы нәтижесінде өңірімізде бюджеттік және жекеменшік инвестициялар есебінен 250 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Өткен жылдың тамыз айында 2-шағынауданда 5 қабатты үш үйдің құрылысы басталған болатын. Таяуда қала әкімі Аян Бейсекин құрылыс барысымен танысып қайтты.
Тұрғын үй құрылысы осы айда аяқталып, мердігер ұйым аумақты абаттандыруға кірісіпті.
Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін бұл үйлер жеңілдетілген несиелік бағдарламалар аясында кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Осылайша, бірден 180 отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсарта алады.
Қала басшысы тұрғын үйлердің сапасын оң бағалап, абаттандыру жұмыстарын маусым айында аяқтауды тапсырды.
Былтыр Екібастұздың «Северный» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылысы басталғаны белгілі: бұл – тұрғындардың ондаған жылдар бойы сарыла күткен жаңалығы.
Жоба аясында Пішенбаев көшесіндегі кәріз коллекторы толығымен қайта салынуда. Жобаның бұл бөлігін биыл аяқтау жоспарланған. Ал барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы тәмамдалуға тиіс. Нәтижесінде 1600 абонент орталықтандырылған жүйеге қосылмақ.
Жанаргүл Қадырова