Ауыл шаруашылығымен шұғылданатын шаруалар үшін жерге ие болу маңызды. Мақсатына қарай жер телімдері бірнеше санатқа бөлінеді. 16 мамыр күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ирина Суровцева сөзінде сол санаттарды атап шықты:
– суармалы егістік, суармалы емес егістік;
– тың жер;
– көпжылдық шөп өскен жер;
– шабындықтар, көлтабандар;
– жайылым.
Осындай санаттағы жер телімдерін бір санаттан басқа бір санатқа ауыстыру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығы және ҚР Жер кодексінің 98-бабына сай реттеледі екен. Ол үшін жерді пайдаланушы жергілікті атқару органына өтініш береді. Өтінішті «Электронды үкімет» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруге болады. Өтінішті қарап, қызмет көрсету мерзімі – 30 күнтізбелік күн.
2024 жылы мұндай қызметке 10 өтініш беріліпті. Сол өтініштерді қарау негізінде 4,5 мың гектар жер – суармалы егістікке, 3,5 мың гектер жер – суармалы емес егістікке, 0,7 мың гектар жер жайылымға ауыстырылыпты.
Ирина Суровцева брифингте жер қатынастары бөлімі жалпы 13 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатынын айтты. Мәселен, биылғы жылдың 5 айы ішінде жиынтығы 868 қызмет көрсетіліпті. Соның 768-і электронды форматта, 100-і қағаз жүзінде көрсетілген екен. 775 өтініш бойынша оң шешім қабылданып, 93 өтініш дәйексіз болғандықтан кері қайтарылған.
Ж.Жәлелұлы