16 мамыр күні қалалық коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, онда «Офис-сервис» ЖШС директоры Алтынбай Тұрғанов көпқабатты үйлерде күрделі жөндеу жүргізу және лифтілерді ауыстыру жайлы әңгімелеп берді.
Жалпы, Екібастұз қаласында 801 биік үй бар. Соның ішінде 154 көпқабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Тұрғынжай қорын сақтау мақсатында жыл сайын биік үйлерді реконструкциялау кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы жылы 9 биік үйде күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Бұл мақсатқа 24200 мың теңге қаржы бөлініпті. Бәрі ойдағыдай болса, бюджеттік өтінім жасалып, тиісті қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары қолға алынады. Бір айта кететін жайт, жұмсалған қаржыны көпқабатты үй тұрғындары 10 жыл ішінде кері қайтаруға міндетті. Бүгінгі күні Абай, 160, Мәшһүр Жүсіп, 22, 24, Ерғанат Көшербаев, 54 «А», 60 «А», Ломоносов, 15 «А», Кеншілер, 15, 15 «А», Королев, 82 «А» үй тұрғындары аталмыш бағдарламаға қатысуға келісімін беріпті.
Алтынбай Тұрғанов брифингте лифтілерді жаңалау туралы да сөз қозғады. Былтырғы жылы 4 лифт ауыстырылыпты. Биылғы жылы Мәшһүр Жүсіп, 58/1 (1,2-даландар), 64 «Б» (1-далан), Сәтбаев, 3 және Сәтбаев, 12/3 (4-далан), Естай Беркімбаев, 104/2 (1,2-даландар), Естай Беркімбаев, 90 (3-далан), Абай, 49/4 (3-далан) мекенжайларында жаңа лифтілер орнатылады. Бұл мақсатқа 125800 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Алғашқы 5 лифт кабинасы маусым айында Ресейдің Могилев қаласынан жеткізілетін болады.
Ж.Бұланбай