Қазақ халқының рухани әлемінде өзіндік орны бар тұлғалардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ұлт тарихы мен мәдениетінің көркем шежіресін жырмен терген ақынның мұрасы – бүгінгі күннің де, келешек ұрпақтың да темірқазығына айналған қастерлі қазына. Сол асыл мұраны жастар санасына сіңіріп, таныта білу мақсатында ұйымдастырылатын республикалық Мәшһүр Жүсіп оқуларының маңызы жыл өткен сайын артып келеді.
Дәстүрлі білім бәйгесі биыл бесінші мәрте өтіп отыр. Іріктеуден өткен үміткерлерді 15 мамыр күні Екібастұз қаласындағы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы сән-салтанатпен қарсы алды. Ашылу салтанатында Естай атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары «Ән шашу», «Жаса, қазағым!» әндерін домбырамен орындап, қонақтар мен қатысушыларға қошемет көрсетті. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі, филология ғылымдарының докторы Нартай Жүсіпов пен «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Азамат Шаймұрат сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
– Жыл сайын өткізіліп келе жатқан Мәшһүр Жүсіп оқуларының ауқымы кеңейіп келеді. Қатысушылар саны да артып, олардың ізденісі мен тақырыпты игеру тереңдігі айқын байқалады. Бұл – жас буынның баба мұрасына деген шынайы қызығушылығының көрінісі. Осындай деңгейге жетудің өзі – әр оқушы үшін үлкен жеңіс, – деді Азамат Боранбайұлы.
Шығармашыл жасөспірімдер додасы ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Павлодар облысы білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен үздік шыққан 92 оқушы республикалық кезеңге жолдама алған екен.
Оқушылар секцияларға бөлініп, республикалық байқауға оқушы дайындаған педагогтар семинарға қатысты.
Байқауға ғұламаның шөбересі, филология ғылымдарының докторы Нартай Жүсіпов, мәшһүртанушы, Халықаралық ақпараттандыру және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Айтмұхамет Тұрышев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәулеш Айтуғанова, Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, ақын Серік Елікбай, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессорлары Сейфуддин Сүтжанов, Бекен Сағындықұлы, Әділбек Әмренов, әдебиеттанушы Шаридияр Валиханов және басқа да білікті мамандар қазылық етті.
Байқау қорытындысында 37 оқушы жүлдегер атанды. Бес аталым бойынша өткен сайыста 4 оқушы бас жүлде иеленсе,
І орын – 5, ІІ орын – 11, ІІІ орын 17 оқушыға бұйырды. Атап айтқанда, «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» аталымында ғылыми жоба ұсынып, ақынның рухани мұрасын терең талдаған Әйгерім Серік (Алматы облысы) бас жүлдені иеленді. І орын – Маңғыстау облысынан келген Ержан Тілегенге, ІІ орын – атыраулық Әльфия Мүти мен қарағандылық Аида Дарбаеваға, ал ІІІ орын Көкшетау қаласынан келген Жанерке Құнанбайға, талдықорғандық Балауса Әбсейітоваға, баянауылдық Нұралы Исабек пен шымкенттік Нұрсая Сәтжановаға берілді.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы. Хандар мен батырлар» аталымында бас жүлде түркістандық Арайлым Ермаханға табысталды. І орын – Қарағанды облысы Нұра ауданынан қатысқан Нұрдана Әділдиноваға, ІІ орын – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданынан келген Кәусар Абзалқызы мен павлодарлық Гүлден Оралға,
ІІІ орын Алматы облысынан қатысқан Аружан Амандыққызы, ақтөбелік Жанерке Жоламанова, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданынан келген Абзал Бекмахамбетке және астаналық Ерасыл Күшімбекке бұйырды.
Эссе жазу бағытында Атырау облысы дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясының оқушысы Гүлайым Нұрлан бас жүлдеге ие болды. І орын – павлодарлық Аяулым Сұлтанмұратқа, ІІ орын – Маржан Абзалықызы (Абай облысы) мен Ақмаржан Мұханадинге (Маңғыстау облысы), ІІІ орын – көкшетаулық Айша Шәріп, алматылық Томирис Омарова және Жетісу облысы Талдықорған қаласынан келген Айдана Нұрбекқызына бұйырды.
«Би-шешендер мен жырау-ақындар» аталымында бас жүлдені Мұқалы Әбікен (Алматы қаласы) жеңіп алды. І орынды Екібастұз қаласындағы №33 жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Нұрай Игілік иеленді (жетекшісі – Айжан Әбдіқадырова). ІІ орын Арайлым Оразбаева (Жамбыл облысы Жуалы ауданы), қызылордалық Төлек Мәлік пен маңғыстаулық Сымбат Шайхиеваға, ІІІ орын Тоғжан Тілейхан (Ақмола облысы Аршалы ауданы), Кәусар Қажыгереева (Шығыс Қазақстан облысы), жетісулік Аружан Асқарқызы мен астаналық Нұрдәулет Сәметке берілді.
«Алдыма өлең жаз деп қағаз келген» атты ақындар мүшәйрасында І орынды Алмас Айберікұлы (Маңғыстау облысы), ІІ орынды Сырым Серікболұлы (Абай облысы) мен Мейіржан Баршынбаев (Павлодар қаласы), ІІІ орынды Нұрхан Кенжебек (Атырау облысынан) пен Аяулым Жәуміт (Қызылорда облысы) иеленді.
Атап өтерлік жайт, №11 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Арай Мұратова додаға «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы: хандар, батырлар» бағыты бойынша қатысып, «Өзгеше ойлы ұлан» номинациясымен марапатталды, жетекшісі – Хамида Сүлейменова.
Байқау соңында қатысушылар мен олардың жетекшілері Баянауыл ауданына сапар шегіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесінде болып, ғұламаның музей-үйін аралап, құнды жәдігерлермен танысты.
