Әр шаһардың шырайын келтіретін сәулет өнерінің туындылары болады. Сонау 1990-шы жылдары бой көтерген Екібастұз қалалық мұсылмандар мешіті көрікті ғимарат саналғанымен, сырт келбетіне жаңа өң беретін уақыт жетіп отыр. Имандылық бесігін жаңартуды ойластырған қала әкімі Аян Бейсекин 16 мамыр, яғни, жұма күні мешітте болып, ынталы азаматтармен кеңес құрды.
Енді әңгіменің төтесіне көшсек, биылғы жылдың маусым-шілде айлары ішінде мешіт ғимаратының сырты, азан мұнарасы және бас қақпасы заманауи құрылыс материалдарын қолданумен жаңартылады. Торайғыров көшесі жағындағы кірпіш қоршау бұзылып, ашық кеңістік абаттандырылады. Атап айтқанда, сквер, балалар алаңшасы және т.т. жасалып, кең аула жарықтандырылады. Әрине, ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы қажет. Бұл мәселе де шешілген екен. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, меценат Серік Сәдуақасов игі іске қолдау білдіріп, 55 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Ал «Гидропром» ЖШС мердігер ретінде таңдалыпты.
Мешітте болған кезінде қала әкімі Аян Уахитұлы мешіттің бас имамы Нұрсейіт қажы, демеуші Серік Тельманұлы, сондай-ақ, сәулет және қала құрылысы, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімдері басшыларымен сөйлесіп, ғибадатхананы жаңалау жобасын талқылап, міндеттерді белгілеп, тапсырмалар берді.
Айтпақшы, сөз болып отырған жұмыстар тындырылған соң, мешіттің іші де жаңаланады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
Осылайша, өткен жұма күні қала басшысы бастаған азаматтардың сауабы мол істі жұмыла атқаруға уәделескендерінің куәсі болдық. Жағымды жаңалықтан құлағдар болған қауымның: «Алла разы болсын! Істеріңізге береке берсін» дері хақ.
Ж. Жәлелұлы