Қаламызда маса-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары сәуір айында басталған болатын. Бұл үшін қалалық бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Масаға қарсы дәрілеу жұмыстарын «Дезинфекция» Ақтөбе облыстық бірлестігі» жеке медициналық мекемесі және «Дезофарм-ЭК» ЖШС мамандандырылған ұйымы адамдар үшін рұқсат етілген және қауіпсіз құралдарды қолдана отырып жүргізеді.
Өңдеу жұмыстары басталғалы қалада, Солнечный және Шідерті кентінде 700-ге жуық көпқабатты үйдің жертөлесі дәріленді. Жиырмадан аса көлшік пен су айдыны зерттеліп, өңделді.
Мамыр айының басынан бастап арнайы мамандар саябақтар, скверлер, көпшілік баратын басқа да орындарды жоспарлы өңдеуге кірісті.
8 мамыр күні қала әкімі Аян Бейсекин ТКШ бөлімі, мердігерлік ұйым және ғылыми сүйемелдеу тобы мамандарының қатысуымен дезинсекциялық іс-шаралардың атқарылу барысын көрді. Арнайы топ Лесхозға апаратын жолды, сол маңдағы су айдындарын дәрілеу үстінде екен.
Мердігерлік ұйым басшысы Мырзабек Қабделов қала басшысына техниканы көрсетіп, жұмыс күші мен өңдеу материалдарының мөлшері жөнінде әңгімеледі.
Айтуынша, жоспарланған аумақтарды өңдеу үшін қосымша жаңа жабдықтар сатып алған. Қазір қолда
3 желдеткішті бүріккіш, 20 моторлы шағын бүріккіш, 8 термогенератор, 2 қосұңғылы термогенератор, мотопомпа бар. Дезинсекциялау жұмыстарын 11 адам атқарады.
Ағымдағы жылы 30 100 гектар жерге дезинсекциялық өңдеу жоспарланған болатын. Соның ішінде Екібастұз қаласында 21 100 гектар аумақ дәріленді.
Жұмыс күші аздық етпейтініне көз жеткізген қала басшысы Аян Уахитұлы қиын аймақтарды өңдеу үшін дрон көмегіне жүгінуді ұсынды. Сонымен қатар саяжай, гараж бірлестіктеріне, қала шетіндегі сулы аймақтарға, ескі зират маңындағы жерлерге баса назар аудару қажеттігін еске салды.
Дезинсекциялау жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады.
Маса-шіркейге қарсы улау жұмыстары сақтық шараларын қолдана отыра жүргізілетін болады. Бұл мәселе қала басшысының күнделікті бақылауында.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ
