Қайсыбір жылдары «Отарқа» газетінің бетінде «Мәшһүр Жүсіптің қарындасы Жазық жайлы білеміз бе?» деген тақырыппен біздің бір мақаламыз жарық көрген еді. Оған Екібастұз қаласында тұратын Үміт Уәпқызы атты қария апамыздың айтқан бір әңгімесі себеп болған-ды. Бірақ аталмыш мақала жарияланғасын, Мәшһүр әулие ұрпақтарының бірі «атамыздың ондай қарындасы болған жоқ» деп Үміт апаның сөзін теріске шығарған соң, біз де бұл тақырыпты әрі қарай қаузамай қоя салған едік. Дегенмен араға жылдар салып осы Жазық қажы – Жазық бәйбіше жайлы әңгімені қайтадан қозғауға тура келді.
Сөзімізді бастамас бұрын осы Мәшһүр әулиенің қарындасы делінетін Жазық қажы-бәйбіше жайлы қысқаша баяндап өтсек. Бұл деректі сонау жылдары бізге беруші Үміт Уәпқызы атты кейуана дедік. Бұл кісі – қазір сексен жастың бел ортасынан асып, тоқсанға бет бұрып отырған адам және көпке белгілі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаевтың анасы.
Үміт апаның туып-өскен жері – Сілеті бойындағы Қанжығалы-Аққозы елі, Естай, Қиынбай деген елге белгілі текті адамдардың ұрпағы. Одан бөлек, Үміт апа Қанжығалы Бөгенбай батыр әулетіне келін болып табылады. Бүгінде бұл кісіні осы әулеттің арғы-бергі тарихынан хабардар көзі тірі шырақшысы десе де болады. Өз басым Бөгенбай ұрпақтарына қатысты деректердің көбін осы Үміт ападан аламын.
Енді Үміт Уәпқызы апамыздың осыдан он шақты жыл бұрын Жазық қажы жайлы айтқан әңгімесіне оралсақ:
«Арғы бабамның аты – Естай. Естайдан – Қиынбай, Тынымбай, Құрымбай, Сәрсенбай, Тыным, Ілияс атты алты бала туған. Бұлардың барлығы Алла жолын ұстанып өткен діндар адамдар болған. Естайға заманында мол дәулет бітіп, кейін соңында қалған ұрпақтары «Естай ауылы» атанып, іргелі ел болып отырған екен. Бабамызға басқа малға қарағанда, қой түлігі көп бітіп, келіндері ол кісінің атын атамай, «Қойлы атам ауылы» дейді екен. Мен сол Естай бабаның үлкені – Қиынбайдың шөбересімін. Қиынбайдан – Құсайын, одан менің әкем Уәп туады.
Жоғарыда аталған Қиынбай бабамыздың інісі Тынымбай – бірнеше мәрте қажылыққа барған адам. Тынымбайдың алғаны Мәшһүр Жүсіптің қарындасы Жазық деген кісі екен. Жазық бәйбіше жайлы әңгімені өзімнің шешем Шәмсиябану Байниязқызы үнемі айтып отыратын.
Мен жас күнімде анамнан «Жазық бәйбіше деген кім?» – деп сұраған едім. Сонда шешем: «Жазық деген кісі – әулие Мәшһүр Жүсіптің қарындасы. Тынымбай атаңның алғашқы қосағы. Бірақ Тынымбай атаң қайтыс болғасын, әмеңгерлік жолмен Қиынбай атаңа қараған. Жазықтың «Қажы бәйбіше» атану себебі, Тынымбай атаңмен екі рет қажылыққа барған. Кейін Тынымбай қайтыс болғасын, Қиынбай атаңмен екі мәрте қажылыққа барыпты. Соңғы сапарында Қиынбай атамыз сол жақта қайтыс болып, Жазық апа бетін өзі жапқан екен», – деген еді.
Үлкендердің айтуынша, Жазық бәйбіше аса сопы адам болыпты. Тамағын ішкеннен кейін шымылдықтың ішінде бес уақыт намазын оқып, құранын оқып, таспиғын тартып отырады екен. Басқадай дүниеауи тірлікте шаруасы болмаған. Бірақ қозғалмай отыра бергесін, адамның денесі толып кетеді ғой.
Мәшһүр Жүсіп атамыз да толық, тығыншықтай, бірақ бойы жинақы кісі болған екен. Ал Жазық әжеміз тіпті жайылып кетсе керек. Шешем айтатын: «Мәшекең жарықтықты көзім көрді, ол кісі Жазық қарындасын іздеп келіп жүрді. Сонда рабайсыз толып кеткен қарындасын көріп: «Жазықжан-ай, өзіңе-өзің істедің-ау. Таң намазыңды оқығасын Есекең ауылын бір аралап, көгендегі қозыны, желідегі құлындарды байқап, бір аралап түспейсің бе. Ол саған сосын бойжазар болар еді ғой», – дейді екен.
…Қиынбай атам қажылыққа барған сапар үстінде қайтыс болғасын, Жазық әжеміз аман-сау елге оралады. Қазір Ақмола облысындағы Бестөбе алтын кенішінен Солтүстік Қазақстан облысының аумағына қарайтын Береке (бұрынғы «5 декабрь») деген ауылға барар жолдың жиегінде Тынымбай атамның бейіті тұр. Ертеде күмбезді мазар болған екен. Жазық әжеміз сол арада жерленуі мүмкін, – деген еді Үміт апа өз әңгімесінде.
Бұл тақырыпқа қайта оралуымыздың себебі
Жоғарыда айттық, кезінде Үміт апаның осы әңгімесінен кейін қайсыбір адамдар теріс пікір білдіргесін, біз оны әрі қарай қозғамай қоя салғанбыз. Дегенмен осы тақырыпқа қайтып оралуға мына бір оқиға себеп болды.
Көкшетау қаласында Мәулет Амантайұлы атты ақсақал тұрады. Қазір қария жасындағы адам, жетпістің бесеуінде. Сүйегі – Қанжығалы-Базаргелді, Сілеті бойындағы Қулыкөл ауылының (бұрынғы Чапаев атындағы совхоз) тумасы. Үміт апамен екеуі бір өңірден, көршілес ауылдардан.
Мәулет аға кезінде Семей пединститутының тарих факультетін бітірген. Бірақ ғұмырын спортқа арнаған адам. Спорт шебері, самбо күресінен Қазақстанның чемпионы болған кісі, «ҚР спортына еңбегі сіңген қайраткер» деген атағы бар. Мәкеңнің тағы бір қыры: өңір тарихына қатысты дүниелерден хабары мол, ескі әңгімелерге жүйрік адам. Екеуміз кездесе қалсақ, айтар сөзіміз таусылмайды.
Жуырда Көкшетауға барған бір сапарымызда Мәулет ағамен тағы да кездесіп, біраз әңгіменің басын қайырып едік. Сонда сөзден-сөз шығып, ол кісі мына бір әңгімені айтып қалды.
– Бала күнімде шешем марқұм үнемі аузынан тастамай, «Қызыр әулие пана болсын!» деп отыратын. Мен жасымнан әр нәрсені білуге құмар едім. Бірде шешемнен: «Апа, осы Қызыр әулие, Қызыр әулие дейсің. Ол кім өзі? Адам ба, әлде көзге көрінбейтін бірдеңе ме? Сол Қызыр әулиені көрген кісі бар ма? – деп сұрадым.
Сонда шешем:
– Балам, олай деме. Қызыр әулие – қысылғанда пенде баласына демеу беретін ерекше қасиет иесі. Оны көрген адам бар. Ол – Тынымбай қажының бәйбішесі Жазық деген кісі. Мәшһүр Жүсіп деген әулиенің қарындасы, – деді.
Сосын шешем мына бір әңгімені айтып еді:
– Жазық бәйбіше Қызыр бабаны қалай көрді десең, оның құдай қосқан қосағы Тынымбай алғаш қажылыққа барам дегенде, ол кісі де бірге ере бармақ болады. Бірақ Тынекең: «Қажылық сапар әйелге қол емес, жол ауыр, кім біледі алда не күтіп тұрғанын, елде қалғаның дұрыс болар», – деп, ерткісі келмесе керек.
Бұл сөзге риза болмай назаланған Жазық бәйбіше бірде таң намазына тұрып, далаға шықса, кенеттен ақ киімді, ақбоз атты бір ақсақал адам пайда болып: «Қамықпа, бәйбіше, барасың қажылыққа. Алла сапарларыңды оң етіп, сау-саламат елге ораласыңдар!» – деп аян беріпті. Сөйтіп, Жазық бәйбіше алғаш рет жұбайы Тынымбай қажымен Меккеге осылай барып келген екен.
Кейін Тынымбай екінші рет қажылық сапарға шығам дегенде, Жазық бәйбіше тағы да бірге бармақ болады. Тынекең бұл жолы да бәйбішесінің сөзін құп көрмей, сапардың ауырлығын ескеріп, ерткісі келмесе керек.
Бір ғажабы, бұл жолы да жұбайының ертпеймін дегеніне көңілі қанағаттанбаған бәйбіше таң намазына тұрып, далаға шықса, тағы да сол ақбоз атты ақсақал пайда болып: «Назаланба, бұл жолы да барасың Меккеге, Алла сәтін салса, бәрі дұрыс болады. Бірақ саған қояр бір шартым бар. Елге оралғасын ешбір дүниеауи шаруаға араласпай, тек шымылдықтың ішінде Аллаға мінәжат айтып қана отырасың», – депті.
Шынында да, қажылықтан оралғасын, Жазық бәйбішенің бар өмірі шымылдық ішінде құлшылықпен өткен екен, – деп еді шешем.
Мәулет ағаның аузынан Жазық бәйбіше жайлы мына сөзді естігесін, мен дереу жабыса кетіп: «Бұл әңгіме ел ішінде бұрыннан бар ма, тағы да қандай деректер білесіз? Жазық бәйбіше шынымен болған адам екен ғой?» – деп едім, Мәулет ағамыз өзінің бұрқ етпе мінезіне салып: «Әй, мен мұны ойдан шығарып отыр дейсің бе!? Бүкіл Аққозы елі ол кісіні «Мәшһүрдің қарындасы Жазық бәйбіше, Жазық қажы» дейтін. Бұл әңгімені Сілеті бойындағы ескі адамдардың бәрі білетін. Бірақ қазір кім қалды дейсің олардан?!» – деді менің сеніңкіремей отырғанымды байқап.
Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіптің Жазық атты қарындасы болғаны, оның өз заманында қажы атанғаны ақиқат екен. Өкінішке орай, қазір Сілеті бойындағы елде ескі әңгімеден хабары бар адамдар да сиреген. Дегенмен Жазық қажы апа жайлы деректерді әлі де іздестіреміз.
Енді сөзімізді түйіндей айтсақ, Мәшһүр Жүсіптің қарындасы Жазық қажы деген адамның өмірде болғанына көз жеткіздік. Бұл кісі төмен етек әйел адам атанса да, бірнеше мәрте қажылық сапарына шығып, парызын өтеген иманы берік кісі болған екен.
Салыстырып қараңыздаршы, Үміт апа мен Мәулет ағаның айтқан деректері бірін-бірі толықтырып тұр. Және жасы келген адамдар бостан-босқа жалған сөйлемейтіні айтпаса да белгілі. Екеуі де бір елдің тумалары, кезінде үлкендерден естіп, естерінде қалғанды біздерге жеткізіп отыр.
Енді бір мәселе, Жазық қажы Мәшһүр Жүсіптің туған қарындасы ма, болмаса аталас ағайындардың бірінің қызы ма, осы жағы сәл көмескілеу болып тұр. Бірақ Үміт апамыздың айтуынша, Жазық – Мәшһүр Жүсіптің туған қарындасы, Көпей сопының қызы дейді. Десе де біздер бұл сұрақтың төңірегінде әлі де біраз ізденістер жасармыз деп ойлаймын.
Сайлау Байбосын, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері