Шет жердегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату мақсатында елімізде «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» құрылған болатын. Алғашқы құрылтай қорытындысында, яғни, 1992 жылы негізі қаланған халықаралық ұйым ата жұртына көшіп келем деген қазақтарға қамқорлық жасап, көмек көрсетеді. Одан бері көші-қон заңнамасы жетілдіріліп, көптеген бағдарлама жүзеге асырылуда.
Қауымдастықтың Павлодар облысы филиалын басқаратын Болат Зауытұлы 13 мамыр күні қаламызға жұмыс сапарымен келіп, «Достық үйінде» арнайы бағдарлама аясында шет елден көшіп келген қандастар мен ішкі көшпен жеткен ағайынмен жүздесті.
Алдымен өзін таныстырып, көштің жайын айтқан Болат Зауытұлы заңнамадағы өзгерістер мен квота жайын қозғады. 2025 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 9 653 адамға өңірлік квота белгіленді. Соның ішінде Павлодар облысына қандастар үшін – 1056, оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін 3050 квота бөлініпті.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл ең алдымен көшіп келгендердің тұрғын-жай мәселесін қарастырады. Дәлірек айтсақ, олардың көшуіне субсидиялар бөлінеді (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем). 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге төленген ақыны жабу үшін субсидиялар беріледі. Осыларға қоса тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру қарастырылған.
Қоныс аударғандарды жұмысқа орналастыруда да барынша көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдем ұсынылады.
Былтыр осындай көмек-қолдауды 19,7 мыңнан аса этникалық қазақ пайдаланып, тарихи отанына оралуға мүмкіндік алды. Жалпы, көш басталғалы Қазақстанға 1 миллион 148 мың адам келген екен.
Осы жағдайларды тілге тиек еткен қауымдастық филиалының басшысы жұрт назарын бүгінде көп жұмыстың жеңілдетілгеніне аударды.
– Алғашқы жылдары құжаттарды 5 құзырлы органға өз қолымызбен апарып тапсырушы едік. Мұның жерді, тілді білмейтін қандастарымыз үшін қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Қазір осы жұмыстардың көбін migration.enbek.kz порталы арқылы бітіруге болады. Бұл азаматтардың уақытын, қаражатын үнемдейтіні сөзсіз, – дейді Болат Зауытұлы.
Дейтұрғанмен, порталда кедергілер де жоқ емес. Айталық, квотаға құжат тапсырғандар 6 ай ішінде мемлекет тарапынан берілетін көмекті алып үлгеруі тиіс. Десе де құжаттарын уақытында тапсырғанымен, порталдағы қателіктердің салдарынан көп азаматтың қолына қаражат әлі де түспеген. Осы мәселеге қатысты Көші-қон министрлігіне хабарласқан филиал төрағасы «квотаға құжат тапсырып үлгергендер маусым айына дейін қаражаттарын алады» деген қуанышты хабар жеткізді.
Әңгіме барысында Болат Зауытұлы жиналғандардан тұрмыс-тіршілігі туралы сұрап, көші-қон мәселесіндегі проблемаларын ортаға салуға шақырды.
Пәтер жалдау қандастар мен оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін ең басты мәселе болып отыр. Біріншіден, көпбалалы отбасыларға пәтерін жалға беруге жұрт келісе қоймайды. Екіншіден, берген күннің өзінде пәтер иесі жалға беру процесін заңдастырмаған. Бұл өз кезегінде квота рәсімдеу барысында қиындық тудыруда. Осындай жағдайдың салдарынан алаяқтардың құрбаны болғандар аз емес екен.
Байқоңыр қаласынан қоныс аударған Гүлшат Жәлелованың отбасында бес адам бар. Олар мемлекеттік көмекті алғанымен, алданып қалғандарын айтты. Жалға беру келісімшартын жасаған нотариус жалған құжат берген болып шығыпты. Гүлшаттың айтуынша, дәл сол нотариустан 15-20 адам зардап шегіпті. Сотқа шағымданып, алаяқтық фактісін көрсеткенімен, дәлелдей алмаған. Ақыр аяғында алған квотаны қайтаруға мәжбүр болған. Қоныс аударушы экологиялық аумақтан келген деген құжаттарынан да еш көмек болмағанын айтты.
Жүсіпбек Қуандықов 2024 жылы Өзбекстаннан Қарағанды облысына барған. Кейін Екібастұзға келіпті. Енді «қандас» мәртебесі бола тұра квота ала алмай жүр. Болат Зауытұлының айтуынша, порталдағы таңдауға байланысты жапа шеккендер көп. Мұндай жағдайда сотқа жүгіну керектігін айтқан ол жауабын былай деп түсіндірді:
– Министрліктің кейін шыққан бұйрығы негізгі ережеге қайшы келіп отыр. Сол қайшылықтардың кесірінен түсініспеушіліктер орын алып, көп адам квотадан қағылды. Егер осы шешіммен келіспейтіндер арызданса, бұйрықтың күші жойылады деген сенімдемін. Бұл жағдайды шешуге тырысудамыз.
Кездесу барысында Бақыт Серікбаева, Феруза Ташимова есімді азаматшалар мемлекеттік бағдарламамен келіп, бүгінде сіңісіп кеткендерін айтып, алғыстарын білдірді. «Ана ұлағаты» бірлестігінің төрағасы Мәруаш Сағындықова қоныс аударушыларды қоғамдық шараларға белсене атсалысуға шақырды.
Іс-шараға келгендерге қандастарға арналған нұсқаулық жазылған буклеттер таратылды. Онда қоныс аударушылар тапсыратын құжаттар тізімі жазылып, көші-қон процестерінің нақты 7 қадамы көрсетілген.
Кездесу бұдан әрі Солнечный кентінде жалғасты.
Г.Медеубайтегі